Қазақстанда 2026 жылдан бастап сұранысы жоғары, яғни VIP автонөмірлердің бағасы өсті. Қымбаттау айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 4 325 теңгеге дейін ұлғаюымен байланысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баға неге өсті?
АЕК мөлшерінің артуымен бірге сұранысы жоғары мемлекеттік нөмірлік белгілердің де құны сол деңгейде өсті. Яғни VIP-нөмірлердің бағасы АЕК-ке тікелей тәуелді.
Ең арзан және ең қымбат нөмірлер
Қазіргі таңда танымал комбинациялары бар ең қолжетімді VIP-нөмірлердің бағасы 246,5 мың теңгеден басталады. Ал әріптері бірдей нұсқалар шамамен екі есе қымбат.
111, 222, 333 және 999 сынды цифрлық комбинациялары бар нөмірлердің құны 592,5 мың теңгеге, ал осы комбинациялардың әріптері бірдей нұсқалары 839 мың теңгеге дейін жеткен.
Бағасы ең жоғары нөмірлер
Әдеттегідей, ең қымбат нөмірлер қатарында 001–009 және 777 комбинациялары сақталып отыр. Мұндай нөмірлер автокөлік иелері арасында әлі де ерекше сұранысқа ие.