Украина Орталық Азия елдері президенттерін сынға алды

Ulysmedia

Украина СІМ Орталық Азия елдерінің Ресей президентінің резиденциясына жасалған шабуылға қатысты мәлімдемелерін сынға алды. Министрліктің әлеуметтік желідегі хабарламасында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан аталды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Біздің ойымызша, Ресей таратқан жалған ақпараттарға берілген мұндай реакция Орталық Азия елдерінің Украинамен құрмет пен тиімділік қағидаттарына негізделген достық әрі прагматикалық қарым-қатынасты дамытуға ұмтылуына сай емес. Сонымен қатар, бұл әрекет олардың «Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдаймыз» деген ұстанымына да қайшы келеді. Қазір Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын агрессор мемлекет бұзып отыр», — делінген Украина СІМ хабарламасында.

Министрлік сондай-ақ Орталық Азия елдері басшыларының «Украинадағы бейбіт тұрғындарға қарсы Ресейдің тұрақты әрі нақты зымыран соққыларына еш реакция көрсетпегеніне» қынжылыс білдірген. «Бүгін мемлекеттік нысандарға шабуылдау туралы мәлімдеме жасаған елдер 2025 жылғы 7 қыркүйекте Ресей зымыраны Украина министрлер кабинетінің ғимаратына соққы берген кезде еш мәлімдеме жасаған жоқ», — делінген хабарламада.

Киев Орталық Азия елдері «қысқа мерзімді мүдделерге сүйене отырып, Ресей пропагандасын қолдап отыр» деп санайды.

«Ресеймен қарым-қатынастағы қысқа мерзімді мүдделерге сүйеніп жасалған әрекеттер Орталық Азия халықтарының тәуелсіздік пен өз тағдырын анықтау жолындағы күресі аясындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен дәстүрлеріне қарсы келеді», — деп атап өткен ресми хабарламада.

2025 жылғы 30 желтоқсанда Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен әңгімеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің резиденциясына шабуыл әрекетін айыптайтынын және мұны бітімге келуге кері әсер етеді деп санайтынын айтқан. Кремль таратқан мәтінде "арандатушы шабуыл" деген тіркес қолданылса, Ақорда Тоқаевтың "Ресей Федерациясы президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын" жеткізген. Оның айтуынша, бұл әрекет "бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер етеді".

Путинмен телефонмен әңгіме кезінде бұл "шабуылды" Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да сынға алған.

Бірақ Тоқаевтың да, басқа президенттердің де мәлімдемелерінде шабуылдың артында Киев тұр деген пікір жоқ.

Контекст

29 желтоқсан кешке Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров украин дрондары Новгород облысындағы президент Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға талпынды деп мәлімдеген. Оның дерегінше, резиденцияға шабуылға барлығы 91 дрон қолданылған. Бірақ Ресей жағы бұған нақты дәлел келтірген жоқ. 

Украина президенті Владимир Зеленский Лавровтың мәлімдемесін "кезекті өтірік" деп атаған. Оның пікірінше, Ресей осылайша келіссөз процесіне кедергі келтіруге тырысып, сонымен бірге Киевтегі үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға сылтау дайындап жатыр.

31 желтоқсанда АҚШ арнайы қызметі Украина Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына шабуыл жасауға тырыспаған деген қорытындыға келген.