Атырау облысында жұмбақ жағдайда тұтастай бір отбасы жоғалып кетті

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысында тұтастай бір отбасы жоғалып кетті. Полиция Жангелдин ауылында тұрған отбасын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Жарты жыл бұрын 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев жұмыс іздеп Ақтауға кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалған. Қазан айында бүкіл отбасы да байланысқа шықпай қалған. Наурыздың ата-анасы — Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиева, сондай-ақ әпкесі Мирагүл. Туыстары полицияға жүгінгеніне бірнеше ай өтсе де, жоғалғандар туралы ешқандай дерек жоқ.

Контекст
Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін Наурыздың атынан WhatsApp мессенджері арқылы барлық малы сатылған. Алайда оның өзі Жангелдин ауылына келмеген. Туыстарының мәліметінше, сатудан түскен қаражат әкесінің жеке есеп-шотына аударылған.Үй әлі де отбасының меншігінде.