Америкалық актриса Анджелина Джоли ресми сапармен Мысырдың Эль-Ариш қаласына келіп, Рафах құрлықтағы шекаралық өткізу пунктінде болды. Сапар Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға және палестин халқын қолдауға арналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Alqaheranews-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сапар барысында Джоли Газаға гуманитарлық көмекті жеткізу қалай ұйымдастырылатынымен танысып, жүк қабылдау мен таратуға тартылған нысандарды аралады. Сондай-ақ ол Эль-Ариш қаласындағы ауруханаға барып, жараланған палестиндіктердің қалай емделіп жатқанын көрді.
Рафах бақылау-өткізу пунктінде актрисаға гуманитарлық жүктерді кіргізу үдерісі мен көмекті үйлестіретін қызметтердің жұмысы көрсетілді. Сапар Газа секторындағы күрделі гуманитарлық ахуал жалғасып жатқан кезеңде өтті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Анджелина Джоли Украинаға да барып, майдан шебіне жақын өңірлерде болып, соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылармен кездескен еді.