Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Атырау облысында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт адамы 2025 жылы қазанда жоғалып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Атырау облысында бір отбасы түгел із-түссіз жоғалып кетті. Шағын ғана Жангелді ауылынан бір үйден төрт адамның жоғалуы ауылдастар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі жоғалған отбасының қызы Мирагүл 3-топ мүгедегі екен. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жазды.

Оның айтуынша, ең алдымен әулеттің 30-дан асқан ұлы Ақтауға жұмысқа кеттім деп із-түссіз ғайып болған.

– Жазда жоғалған жас жігіттің соңы сиырқұймышақтанып, оны не отбасы не полиция жақсылап іздемеді. Енді арада 5 ай өткенде (қазан) бүкіл отбасы "Дәрігерге көрінеміз" деп ұшты-күйлі жоғалған. Барған жер, тоқтаған (жеткен) нүкте, көрген адам, байланыс, із жоқ. Отбасы не таксиге, не пойыз, ұшаққа мінбеген. Жаяулатып бара жатқан үшеуді де ешкім көрмеген, – деп жазды журналист.

Олардың құжаты, ЖСН еш жерде тіркелмеген көрінеді.

– Сонда бір әулеттің зіңгіттей 3 адамы аяқ астынан қайда кетті? Меніңше, бұл жерде тек полиция емес, ҰҚК жақсылап жұмыс істеуі керек! Себебі бірнеше жыл бұрын осы өңірден Сирияға аттанғандар көп болды. Дәл осылай, алдымен біреуі барлау ретінде аттанып, артынан отбасы мүшелерін шақыртып алатын. Кім білсін, барлық нұсқаны қарау керек. Бүкіл отбасының із-түссіз ғайып болғаны жайлы полицияға қараша басында арыз түскен. Алайда 2 ай өткенімен ләм-мим хабар жоқ?! Жер жұтып кетпесе, көрген-білген бір адам шығар еді? Адамдар қайда жоғалады осы?, – деп жазды Гүлмира Әбіқай.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Отбасының жоғалғаны туралы хабар 2025 жылғы 25 желтоқсанда түскен. Полицейлерге отбасының әкесінің әпкесі хабарлаған. Полиция қызметкерлері олардың қайда екенін анықтап жатыр. Бар ақпарат бойынша, ерлі-зайыпты мен ересек балалар (33 және 35 жас) елдің оңтүстік аймақтарына кетуі мүмкін.

– 25 желтоқсанда Атырау тұрғыны полицияға бауырының және оның отбасының қайда екенін бір айдан астам уақыт білмейтінін айтып хабарлады. Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылы тұрғындары қарашадан бастап белгісіз бағытқа кеткен және әлі оралмаған, – делінген 2026 жылғы 2 қаңтардағы хабарламада.

Полиция бұл адамдардың орналасқан жері туралы ақпарат білетіндерді құқық қорғау органдарына хабарласуды сұрады: 98-20-78, 98-20-88, +7 701 304 0012.