Украина қаңтардың соңына дейін АҚШ-та бейбіт саммит өткізуді жоспарлап отыр – Зеленский

Сырым Қаржас
Украина президентінің баспасөз қызметі

Украина қаңтар айының соңына дейін АҚШ-та бейбітшілік жоспарын талқылау үшін көшбасшылар саммитін ұйымдастыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Киевтегі баспасөз мәслихатында журналистердің күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берген кезде айтты, деп жазды Anadolu агенттігі.

Ол бұған дейін Киевте Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері мәселесімен айналысатын еуропалық елдер өкілдерінің кездесуі өткенін еске салды. Зеленскийдің айтуынша, 5 қаңтарда серіктес елдердің қарулы күштері бас штаб бастықтары деңгейінде отырыс өткізу жоспарланған, онда қауіпсіздік кепілдіктері талқыланады.

Сонымен қатар 6 қаңтарда Парижде "Қалаулы коалицияға" мүше елдер көшбасшыларының кездесуі өтеді, оған АҚШ делегациясы да қатысады.

– Одан кейін көшбасшылар қайта бас қосып, қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты құжаттар түпкілікті нұсқаға келтіріледі, – деді Украина басшысы.

Зеленский Париждегі саммит бір немесе екі күнге созылуы мүмкін екенін де атап өтті.