2025 жылдың алғашқы күндерінде мұнай қоры аса мол, бірақ саяси жағдайы тұрақсыз Венесуэлаға әлем назар аударды. Сарапшылар Венесуэланың неге мұнай нарығында мардымсыз рөл атқаратынын және оның Қазақстанмен қандай ұқсастығы бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұнай бар, өндіріс жоқ
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов Energy Analytics телеграм-арнасында Венесуэла формалды түрде әлемдік мұнай қорының шамамен 20 пайызына ие екенін жазады. Бұл АҚШ-пен салыстырғанда төрт есе көп. Алайда сол мұнайдан пайда көру үшін, алдымен оны өндіру қажет.
— Іс жүзінде бұл «алып» ел әлемдік мұнайдың 1 пайызынан азын ғана өндіреді. Өндіріс көлемі АҚШ деңгейінің шамамен 5 пайызына, ал Сауд Арабиясының деңгейінің 10 пайызына да жетпейді. Бұл айырмашылық — геологияның тағдыр емес екенін дәлелдейтін ең айқын мысал. Жер қойнауында мұнайдың болуы оның құбырға құйылатынына кепіл емес, — деп атап өтті Абзал Нарымбетов.
Сондықтан АҚШ Венесуэланың бай мұнай қорына қызғанышпен қарайды деген пікір шындыққа жанаспайды. Оңтүстік америкалық ел ауқымды ресурстық базаға ие бола тұра, соңғы он жылда мұнай өндіру көлемін 70 пайызға құлдыратқан. Ал АҚШ керісінше, дәлелденген қорларын сақтап қана қоймай, өндірісті екі жарым есе арттырды. Сауд Арабиясы болса, мол мұнайды «жер қойнауынан құбырға» тиімді айналдырудың үлгісін көрсетіп отыр. Венесуэла мұны әлі де меңгере алған жоқ.
Қазақстанмен қандай ұқсастық бар?
Сарапшы Қазақстанда да осыған ұқсас мәселе бар екенін, бірақ ол мұнай емес, газ саласына қатысты екенін айтады.
— Егер Венесуэла мұнай саласындағы алып елдің мысалы болса, Қазақстан газ секторында соған ұқсас синдромды көрсетіп отыр. QazaqGaz-тың бұрынғы басшылығы газ қорының әлеуетін 62 трлн текше метр деп мәлімдеген. Бұл сан әсерлі көрінеді, бірақ шынайы жағдаймен бетпе-бет келгенде күйрейді. АҚШ-тың дәлелденген газ қоры 14–16 трлн текше метр шамасында. Яғни Қазақстан өз қорын америкалық көрсеткіштен төрт есе көп деп көрсетіп отыр. Алайда осындай ауқымды мәлімделген ресурстарға қарамастан, Қазақстан газ нарығында әлі де шағын ойыншы болып қала береді, — дейді Абзал Нарымбетов.
АҚШ жылына шамамен 1 трлн текше метр газ өндірсе, Қазақстан бар болғаны 30 млрд текше метрге жуық газ өндіреді. Бұл — америкалық деңгейдің шамамен 3 пайызы ғана. Жалпы өндіріс көлемі жоғары болғанымен, алынған газдың шамамен жартысы мұнай өндіруді ұстап тұру үшін қайтадан қабаттарға айдалады. Сондықтан Венесуэланың қателігін қайталамас үшін, өз ресурстарын тиімді әрі сауатты пайдалануды үйрену маңызды.
Қазақстанды не күтіп тұр?
Саясаттанушы Марат Шибутов Венесуэладағы ахуалдың Қазақстанға ықпалына қатысты болжамын өз телеграм-арнасында айтты. Оның пікірінше, мұнай бағасы айтарлықтай өзгермейді. Ол үшін венесуэлалық кен орындарына АҚШ компаниялары келіп, өндірісті қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болады. Саясаттанушының ойынша, бастысы — АҚШ-тың басқа ірі державалардың қолынан келе бермейтін операция жүргізу арқылы саяси ықпалын көрсеткені. Бұл — АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің жаңа кезеңі. Өйткені Қытай компаниялары Венесуэла кен орындарына қызығушылық танытып отыр.
— Бұл Қазақстан үшін жақсы жаңалық. АҚШ пен Қытайдың біздің өңірде текетіреске түсу ықтималдығы азаяды, ал бұл үлкен қауіптерге әкелуі мүмкін еді. Рас, бұған жауап ретінде Қытайдың ықпалы күшеюі мүмкін, бірақ қытайлар тез әрекет етпейді, сондықтан әзірге алаңдауға негіз жоқ, — деп ирониямен атап өтті Марат Шибутов.
Сарапшы Қазақстанның Трамппен келіссөздерде дұрыс тактика таңдағанын, АҚШ президентімен дипломатиялық ортақ тіл таба алғанын және сол арқылы өзіне төнетін қатерді азайтқанын айтты. Ал мұнайдың қазіргі жағдайда шешуші фактор емес екенін атап өтті.
— АҚШ Венесуэлаға мұнай үшін шабуыл жасады дегенде, бір жайтты ескеру керек: Венесуэла қазір жылына шамамен 40–48 млн тонна мұнай өндіреді. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 12–14 есе жоғары, — деп түйіндеді Марат Шибутов.