"Қазақмыс" топ-менеджерін ауыстырды

Сырым Қаржас
Қазақмыс

"Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы қызметіне Руслан Өскенәлі тағайындалды. Компания басшылығы оны құрылыс магнаты Нұрлан Артықбаев сатып алғаннан кейін көп ұзамай ауысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақмыстың ақпаратынша, Руслан Өскенәлі 1984 жылы туған. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ Woodbury University жоғары оқу орнында MBA дәрежесін алған.

Коммерциялық және өнеркәсіптік құрылымдардың басқарушылық қызметінде тәжірибеcі мол. Әр жылдары "Қазақмыс" корпорациясы, Alstom және General Electric сынды ірі халықаралық және ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2024 жылдың наурыз айынан бастап Qarmet компаниясында жабдықтау жөніндегі директор қызметін атқарып, сатып алу функциясын стратегиялық дамытумен және жабдықтау  процесін оңтайландырумен айналысты. Сондай-ақ Басқарма мүшесі ретінде компанияның жалпы басқарушылық мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысқан.

 – Жалпы алғанда, оның кәсіби жолы ірі кәсіпорындардың активтері мен операциялық қызметін басқару тәжірибесін, сондай-ақ стратегиялық жобаларды іске асыруды қамтиды. Руслан Өскенәлі тиімділіктің жоғары стандарттарына адалдығымен, корпоративтік мәдениет құндылықтарын құрметтеуімен және ұйым ішіндегі кадрлық  потенциалды дамытуға ұмтылуымен ерекшеленеді, – делінген хабарламада. 

ЖАҢА ТОП-МЕНЕДЖЕР ТУРАЛЫ ТАҒЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Руслан Өскенәлі 2023 жылы Respublica партиясынан Астана мәслихатының депутаты болуға кандидат ретінде тіркелген. Партиялық тізімде ол елордалық "Өскенәлі Капитал" ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде көрсетілген.

2026 жылғы жағдай бойынша "Өскенәлі Капитал" ЖШС әлі де жұмыс істеп тұр, алайда қазір Астанада емес, Шымкентте тіркелген. Құрылтайшысы ретінде Гүлнәр Панзарбекова көрсетілген, ал директоры — Ержан Өскенәлі. Руслан Өскенәлі компанияның құрылтайшылары қатарында жоқ.

"ҚАЗАҚМЫСТЫҢ" ЖАҢА ИЕСІ

2025 жылдың соңында "Қазақмыс" корпорациясы иесін ауыстырды. Бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огай бақылауында болған бірқатар активтермен бірге компания жаңа меншік иесіне өтті. "Қазақмыстың" жаңа иесі — құрылыс және девелопмент саласындағы Qazaq Stroy компаниясының иесі ретінде танымал Нұрлан Артықбаев. Кейінгі уақытта Артықбаев активтерін, оның ішінде тау-кен металлургия кешені бағыты бойынша да, белсенді түрде әртараптандырып келеді.