Зорлады ма, әлде ұрды ма? Қарағанды облысында әкімге тағылған айып жеңілдетілді

Сырым Қаржас

Қарағанды облысында Ақшатау кентінің әкіміне 23 жастағы әкімдік қызметкеріне күш көрсетті деген айып тағылып отыр. Прокурорлар жарты жыл бойы шенеунік қызды зорлауға оқталды деген нұсқаны қарастырған. Алайда соттың соңғы сатысында бап аяқ асты жеңілдетілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

47 жастағы әкім Нұрлан Сейілбековке қатысты қылмыстық іс туралы "Патриот" өңірлік арнасы хабарлады. Осы уақыттың аралығында шенеунік қамауда болған. Үкім шығаратын сәт таяп қалған. Алайда Шет аудандық прокуратурасы жаңа айыптау актісін ұсынды. Қадағалау органы "зорлауға оқталу" бабын алып тастады. Енді әкімге ҚР ҚК 108-1-бабы –  "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша айып тағылып отыр.

Қыздың туыстары бұл шешімге таңғалған. Себебі сот процесі барысында істің мән-жайына қатысты ешқандай жаңа дерек пайда болмаған. Олар істі бақылауға алуды сұрап, Бас прокуратураға жүгінген.

ТАРАПТАРДЫҢ НҰСҚАСЫ

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 3 мамыр күні таңертең әкім мен оның қарамағындағы қызметкері арасында қызметтік тұрғын үйде жанжал шыққан. Прокуратура мен әкімнің нұсқасы бойынша, ол қызметтік шаруамен кетпек болып, қызды Қарағандыға ата-анасына апарып тастауды ұсынған. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, қыз оған бірге барып, ата-анасына түсік туралы айтуын талап еткен (қыз одан жүкті болғанын айтқан). Әкім бас тартқаннан кейін жанжал шыққан. Шенеунік қол астындағы қызметкерін ұрған.

–  Ақшатау кентінің әкімі Сейілбеков үйдің дәлізінде оны алақанымен сол жақ бетінен үш рет ұрған. Рахымжанованың мұрнына бір рет соққы жасаған. Одан кейін ұстап, жұлқылап, айғайламауын талап еткен. Рахымжанова иық, білек, саусақ, тізе буындары мен мойын тұсынан дене жарақаттарын алған, – деп оқыды айыптау актісін прокурор.

БҰҒАН ДЕЙІН

Жәбірленуші тергеу кезінде 2024 жылғы қаңтарда болған оқиға туралы да айтқан. Оның сөзінше, сол кезде әкім түнде мас күйінде қызметтік пәтерге келіп, оны зорлаған. Таңертең кешірім сұрап, ешкімге айтпауын өтінген. Кейін қыз жүкті екенін білген. Қатты күйзеліс салдарынан қан кетіп, медициналық көрсеткіш бойынша түсік жасатуға мәжбүр болған.

Алайда тергеу бұл эпизодты дәлелдей алмағандықтан, ол айыптау актісіне енгізілмеген. Әкім Нұрлан Сейілбеков зорлау фактісін жоққа шығарады. Ал сот талқылауы жалғасып жатыр.