2025 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының үш негізгі саласында іскерлік белсенділік индексі айтарлықтай төмендеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жыл ішінде алғаш рет
Қазақстанның Ұлттық банкі деректеріне сәйкес, желтоқсан айында барлық салалар бойынша іскерлік белсенділік индексі 49,9 болған. Бұл көрсеткіште 50-ден жоғары мән – оң, ал 50-ден төмен мән – теріс нәтиже саналады. Яғни формалды түрде елдегі іскерлік ахуал орташа деңгейден сәл төмендеген.
Экономиканың екі саласында индекс оң аймақта қалды. Олар – өндіріс (52,2) және сауда (51,2). Ал өзге негізгі бағыттар өсім көрсете алмады: желтоқсан қорытындысы бойынша олардың көрсеткіштері төмендеді.
Қазақстан үшін аса маңызды саналатын тау-кен өндіру өнеркәсібі теріс аймаққа өтті. Егер қарашада бұл саладағы іскерлік белсенділік индексі 50,2 болса, желтоқсанда 49,5-ке дейін төмендеген. Қызмет көрсету саласы да «минусқа» шықты – 48,9. Құрылыс саласында жағдай одан да күрделі: индекс 45,4-ке дейін құлдырады. Бұл салада бір ай ішіндегі төмендеу 4,3 пунктті құрады.
Желтоқсан 2025 жылы іскерлік белсенділік индексі 50-ден төмен түскен жалғыз ай болды. Аймақтар бойынша ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында, Алматы қаласында және Қостанай облысында тіркелген. Ал ең төмен нәтижелер Ақтөбе, Ақмола және Абай облыстарына тиесілі.
Климат нашарлап барады
Кәсіпкерлік қызмет жүргізу жағдайын – қазіргі сәт пен алдағы кезеңді бағалайтын бизнес-климат индексі де төмендеген. Егер қарашада бұл көрсеткіш 9,9 болса, желтоқсанда 5,3-ке дейін азайды. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық бизнес алдағы салықтық өзгерістердің салдарына дайындала бастаған.
— Бизнесті жүргізудің қазіргі де, болашақтағы да шарттарына берілетін баға төмендеді. Дегенмен бизнес-циклдің «сағаттар» индикаторы әлі де өсім аймағында қалып отыр. Кәсіпорындардың бағалауынша, жалпы алғанда олардың өнімдері мен қызметтеріне сұраныс бәсеңдеген, алайда өндіріс саласында сұраныстың аздап артқаны байқалады, — деп түсіндірді Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин.
Сұраныстан бөлек, қазақстандық бизнес салық жүктемесін, өз мүддесін қорғау деңгейін және несиеге қолжетімділікті ең әлсіз тұстар ретінде бағалап отыр.