Украинаның одақтастары сейсенбі күні Парижде бас қосып, соғыс тоқтаған жағдайда Киевке берілетін болашақ қауіпсіздік кепілдіктеріне өз үлестерін үйлестіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украина президенті Владимир Зеленский 27-ден астам елдің көшбасшыларымен, сондай-ақ АҚШ-тың жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізушілері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен бірге кездесуге қатысады. Бұл Украина, Еуропа және АҚШ ұстанымдарын бір арнаға тоғыстырып, кейін оны Ресейге ұсынуға бағытталған кең ауқымды әрекеттің бір бөлігі, деп жазады BBC.
Сейсенбі күні дипломаттар Парижде әскери ведомство өкілдері нақты міндеттемелерді қағаз жүзінде бекітуі тиіс екенін мәлімдеді. Осы уақытқа дейін берілген әскери уәделер көбіне жалпылама сипатта болғанын Reuters атап өтеді.
Агенттік танысқан, 35 делегацияға жолданған жазбаға сәйкес, кездесу атысты тоқтату жағдайында көпұлтты күштерге үлес қосу мәселесіне арналмақ. Бұл жұмыс Украинамен үйлестіріліп, АҚШ-тың қолдауымен жүргізіледі.
Сондай-ақ құжатта, егер Мәскеу мазмұнды келіссөздерден бас тартса, Украинаға қолдауды күшейту және Ресейге қысымды арттыру бойынша келесі қадамдарды келісу ұсынылған.