Ұлыбритания мен Франция атысты тоқтатқаннан кейін Украинаға әскер кіргізуге дайын

Ulysmedia
Getty İmages

Ұлыбритания мен Франция атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін Украинаға өз әскерін жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Парижде өткен саммиттен кейін белгілі болды. Жиынға ресми Киевке одақтас елдердің көшбасшылары мен АҚШ өкілдері қатысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

The Guardian басылымының жазуынша, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президентіЭммануэль Макрон және Украина президенті Владимир Зеленский бірлескен мәлімдемеге қол қойған. Құжатта бітім жасалғаннан кейін Лондон мен Париж Украина аумағында әскери хабтар құруды жоспарлап отырғаны айтылған. Бұл нысандар болашақта халықаралық әскери контингент орналастырудың негізі болуы мүмкін. Алайда мәлімдемеде Украина аумағына орналастырылатын әскер тікелей әскери қимылдарға қатыспайтыны айтылған.

Макронның айтуынша, миссияның басты мақсаты – атысты тоқтатқаннан кейін тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қауіпсіздік сезімін қалыптастыру. Әскерлер майдан шебінен алыс аймақтарға орналастырылуы тиіс. Бірақ контингенттің саны мен форматы нақты белгіленбеген.

Сонымен қатар бітімнің сақталуын бақылау тетігі де талқыланып жатыр. Бұл процесте жетекші рөл АҚШ-қа берілуі мүмкін. Сондай-ақ Украина армиясына ұзақ мерзімді қолдау көрсету мәселесі де күн тәртібінде тұр. АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф қауіпсіздік кепілдіктері кез келген жаңа шабуылдың алдын алуы тиіс екенін айтқан. Оның сөзінше, Дональд Трамп Украинаны қолдайды және өз міндеттемелерінен бас тартпайды.

Дегенмен бастаманың болашағы әлі де белгісіз. Ресей бұған дейін Украина аумағында НАТО елдерінің әскерін орналастыруға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген.