Қазақстанда екі мыңға жуық адам денсаулығына байланысты жүргізуші куәлігінен айырылды

Ulysmedia
Фото: kolesa.kz

Қазақстанда денсаулығына байланысты  1 787 адамның жүргізуші куәлігінің күші жойылды, деп хабарлады Ulysmedia.

Мән-жай

Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу және олардың қолжетімділігін шектеу бағытында жүйелі жұмысты бастады. Бұл шара жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, диспансерлік есепте тұрған азаматтардың жүргізуші куәлігінің күші жойылған. Арнайы тексеріс кезінде диспансерлік есепте тұрған 54 мыңнан астам адамның жүргізугі куәлігі бары анықталған.

«Диспансерлік есепте тұрған пациенттердің электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне қосылуының нәтижесінде диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізілді. Олардың 273 819-ына бұрын жүргізуші куәлігі берілмеген. Қалған 96 069 адам бойынша мыналар белгілі болды: 41 677 азаматтың жүргізуші куәлігі деректер түскен сәтте-ақ жарамсыз (күші жойылған) болған. 54 392 азаматтың жүргізуші куәлігі қолданыста болған», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, сот органдарына 4 540 талап-арыз жіберіліп, оларды қарау нәтижесінде 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылған. Аталған азаматтардың медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік құралын басқаруға құқығы болмаған.