Ресей Украинаның инфрақұрылым нысандарына жүздеген дрон ұшырды

Сырым Қаржас
5.ua

9 қаңтарға қараған түні Ресей Украинадағы инфрақұрылым нысандарына қарсы ең ауқымды әуе шабуылдарының бірін жасады. Шабуыл кезінде камикадзе-дрондар мен әртүрлі типтегі зымырандар қатар қолданылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей әскері күннің күрт суытқанын пайдаланып, елдің энергетикалық жүйесіне барынша зиян келтіруге тырысып жатыр.

ДӘЙЕКСӨЗДЕР

– Алдыңғы түні Ресей тарапынан 200-ден астам дрон, сондай-ақ айтарлықтай көлемде баллистикалық зымырандар ұшырылды. Негізгі нысана Киев болды, – деп жазды Зеленский өзінің Telegram-арнасында.

Оның дерегінше, шабуыл салдарынан кемінде төрт адам қаза тауып, шамамен 30 адам жараланған.

– Бұған дейін Днепр, Кривой Рог пен Запорожье қалаларына, одан бұрын Одессаға шабуыл жасалды. Ресейдің негізгі тактикасы – қалаларды толықтай жарықсыз қалдыру, – деді Украина президенті.

Зеленский жергілікті билік өкілдері қарсыластың стратегиялық мақсатын түсініп, соған сай толыққанды қарсы әрекетке дайын болуға тиіс екенін атап өтті.

– Әрбір қала әкімдігі қарсыластың бұл мақсатын нақты түсініп, азаматтардың игілігі үшін шынайы жұмысқа дайын болуы керек. Негізгі басымдық мәселеден қашу емес, оны шешу болуы керек, әсіресе Киевтегідей оған қажетті ресурстар бар кезде. Бұл – Украинадағы ең қамтамасыз етілген қала, сондықтан барлық қажетті резервтік жүйелер дайын тұруға тиіс, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Кипрдің Еуропалық одақ кеңесіндегі төрағалығының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген еді.