Иран армиясы наразылықтарға қатысты мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Courtesy photo

Иран армиясы елде жалғасып жатқан үкіметке қарсы наразылықтар аясында "ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екенін" мәлімдеді. Елдегі наразылықтар кезінде адамдап жаппай тұтқындалып, интернет те өшіріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әскери мәлімдемеде Израиль мен "жау пиғылды террористік топтар" елдің қоғамдық қауіпсіздігін әлсіретуге әрекет жасап отыр деп айыпталды.

– Жоғарғы бас қолбасшының басшылығындағы армия басқа қарулы күштермен бірлесе отырып, аймақтағы қарсыластың қозғалысын бақылаумен қатар, елдің ұлттық мүдделерін, стратегиялық инфрақұрылымын және қоғамдық меншігін батыл түрде қорғайды әрі қамтамасыз етеді, – делінген мәлімдемеде.

Осы жағдай аясында Тегеран билігі кейінгі жылдардағы ең ауқымды наразылықтарды басу шараларын күшейтті. Мыңдаған адам көшеге шығып, өмір сүру құнының күрт өсуі мен инфляцияға наразылық білдіріп жатыр.

КОНТЕКСТ

2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бері Иранда терең экономикалық дағдарысқа байланысты жаппай наразылық толқыны жалғасып келеді. Акциялар 28 желтоқсанда Тегерандағы саудагерлердің ереуілінен басталды. Олар ұлттық валютаның рекордтық құнсыздануына қарсы шықты: кейінгі бір жылда иран риалы доллармен салыстырғанда шамамен 50% арзандады, ал жылдық инфляция 42,5%-ға жетті.

Азық-түлік бағасы 70%-дан астамға қымбаттап, халық пен бизнес үшін экономикалық ахуал мәз болмай тұр. Әуеліде базардағы саудагерлер бастаған наразылықтар тез арада университеттер мен өзге қалаларға таралып, саяси сипат алды. Шерушілер Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейге қарсы ұрандар айтып, исламдық режимді құлатуға үндеп жатыр.

HRANA құқық қорғау ұйымының дерегінше, наразылық акциялары елдің шамамен 100 қаласында өтті. Соның салдарынан кемінде 36 адам қаза тапты, олардың ішінде екі қауіпсіздік қызметкері бар, ал мыңнан астам адам тұтқындалған.