АҚШ ФРЖ басшысы Трамп әкімшілігі қорқытқанын мәлімдеді

Сырым Қаржас
Фото: reuters

АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл Дональд Трамп әкімшілігі ФРЖ ғимаратын қайта жаңғырту жобасына қатысты өткен жазда Конгреске берген куәлігіне байланысты өзіне қарсы қылмыстық айып тағамыз деп қорқытқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Пауэлл мұны орталық банк пен ақша-несие саясатына ықпалын күшейту үшін қолданылған «сылтау» деп атады. Reuters жазуынша, бұл Дональд Трамптың ФРЖ-ны бақылауын күшейтуге бағытталған ұзаққа созылған әрекеттерінің кезекті қадамы болып, бірден салдарға әкелді. Сенаттың банк комитетінің мүшесі, республикашыл сенатор Том Тиллис X желісіндегі жазбасында қылмыстық қудалау қаупі Әділет министрлігінің «тәуелсіздігі мен беделіне» күмән тудыратынын мәлімдеді. Тиллис бұл құқықтық мәселе толық шешілмейінше, Трамптың ФРЖ-ға ұсынатын кез келген кандидатурасына, оның ішінде жаңа төрағаны тағайындауға да қарсы болатынын айтты. Пауэлл шақыру қағаздары мен қауіптер туралы жексенбі кешкісін жасаған мәлімдемесінде хабарлады.

- Жұма күні Әділет министрлігі Федералдық резерв жүйесіне үлкен алқабилер сотының шақыру қағаздарын тапсырып, өткен жылдың маусымында Сенаттың банк комитетінде берген куәлігіме байланысты қылмыстық айып тағамыз деп қорқытты. Бұл жаңа қауіптің сол куәліктеріме де, ФРЖ ғимараттарын қайта жаңғыртуға да қатысы жоқ. Ол Конгрестің қадағалау рөліне де байланысты емес… Мұның бәрі — сылтау ғана. Қылмыстық айып тағу қаупі Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді президенттің қалауына емес, қоғам мүддесіне сай деп есептеген бағалауына сүйене отырып белгілеуінің салдары. Мен заң үстемдігі мен демократиядағы есептілік қағидатын терең құрметтеймін. Ешкім, тіпті Федералдық резерв жүйесінің төрағасы да заңнан жоғары емес, — деді Пауэлл.

КОНТЕКСТ

Қаңтарда билікке қайта оралғаннан бері Трамп ФРЖ-дан пайыздық мөлшерлемелерді күрт төмендетуді талап етіп келеді, оның саясатын экономиканы тежейді деп айыптап, Пауэллді қызметтен босату мәселесін де бірнеше рет қозғады. Бұл ретте заң жүзінде ФРЖ төрағасы қызметінен шеттетуге қарсы қорғалған. Сонымен қатар, Трамп ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукты да қызметтен кетіруге тырысып отыр — бұл іс қазір Жоғарғы сотта қаралуда.