Бабақұмаровтың өлімі: сот отырысының күні белгіленді

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Астанада президенттің бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл жөнінде қалалық прокуратура Ulysmedia.kz.редакциясына берген жауабында айтты. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қайғылы жағдай 2025 жылдың 30 қазан түні Millennium Park тұрғын үй кешенінде болған. Бабақұмаров күдікті Ербол Қаукетаймен бірге пәтерде отырған. Полиция дерегінше, екеуінің арасында сөз таласы шығып, төбелеске ұласқан. Бабақұмаров бірнеше соққы алып, есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады.

СОТҚА ЖОЛДАНҒАН ІС

Тергеу аяқталып, іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді. Алғашқы тыңдау 19 қаңтарға белгіленді. Істі судья Айжан Құлбаева қарайды.Еске салайық Айжан Құлбаева экс министр Қуандық Бишімбаевтың сотында төрелік еткен еді. 

ЕРЖАН БАБАҚҰМАРОВ КІМ ЕДІ?

Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін 1994 жылы қорғаған, ал 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының академигі атанған. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеді, түрлі стратегиялық және ақпараттық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

Ол әр жылдары Президенттің кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болған.