Журналистерге шабуыл: Стокгольмдегі комитет Қазақстан билігін кінәлілерді жазалауға шақырды

Ulysmedia

Қазақстан билігі журналистерге жасалған шабуылдар толқынын мұқият тексеруі керек. Стокгольмдегі Журналистерді қорғау комитеті осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"Қазақстан билігі тәуелсіз журналистерге жасалған шабуылдардың соңғы толқынын мұқият зерттеп, барлық кінәлілерді жауапқа тартып, баспасөз өкілдерінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуі керек", – деп мәлімдеді Стокгольмдегі Журналистерді қорғау комитеті.

Комитет Қазақстанда белгілі журналист Динара Егеубаеваның автокөлігі өртенгенін еске салды. Сондай-ақ, белгісіз адамдар Вадим Борейконың пәтерінің есігін бұғаттауға тырысты. Алматыда Elmedia редакциясына алты рет шабуыл жасалды, Orda редакциясына да қоқан-лоқы көрсетілді. Сонымен қатар, 18 қаңтарда хакерлер Ulysmedia сайтына бұзып кіріп, бас редактор Самал Ибраева мен оның балаларының жеке деректерін желіге жариялап жіберді.

"Билік баспасөзді қудалаудың барлық соңғы жағдайларын мұқият тергеуді қамтамасыз етіп, бұйрық бергендерді жауапқа тартуы керек", — деді Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа мен Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүльноза Саид.