Вице-министр депутаттың сұрағына жауап бере алмай, Қошановтан сөз естіді

Сырым Қаржас
Видео кадры

Сауда және интеграция Вице-министрі Айдар Әбілдабеков мәжілісте депутаттың сұрағына жауап бере алмай, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бүгін депутаттар бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобаларын қарады. Олардың қатарында 2023 жылғы 4 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісім бар. Сонымен қатар 2024 жылғы 8 мамырда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің сақталуын мемлекеттік бақылау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да қаралды. 

СҰРАҚ

Бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Ерболат Саурықов вице-министрге сұрақ қойған. 

- Келісімнің төртінші және бесінші тармақтарында верификациялаушы органның тексеру жүргізу құқығы және өндірушілердің, сатушылардың жөнелтілген ақпараттарын ұсыну және тексеруге жәрдемдесу міндеті көзделген. Сонымен қатар, 6, 8-тармақтарда тексеру нәтижелері сертификаттарды жою немесе шығу тегі туралы декларацияны жарамсыз деп тану деген салалармен шектеледі. Верификациялаушы органның талаптары бойынша құжаттарды немесе ақпаратты ұсынбаған, тексеруге жәрдемдеспеген жағдайда жауапкершілік көзделген бе?, – деп сұрады депутат. 

ЖАУАП ЖОҚ

Вице-министр сәл ойланып, күрсініп, артынша бұл сұраққа жазбаша жауап беруге рұқсат сұрады. Осы сәтте оның сөзін мәжіліс төрағасы Қошанов бөліп жіберіп, Айдар Әбілдабеков қазіргі уақытта сауда министрінің міндетін атқарып отырғанын атап өтті. 

- Министр шетелдік сапарда. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Депутаттар заң жобасының аясында ғана сұрақ қойып отыр. Бұл күнделікті істеп отырған жұмыстарыңыз ғой. Бұған қалай жауап бере алмайсыз? Ол мәселенің кураторы емеспін дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сұраққа жауап беруге дайын болуы керек. Әйтпесе келмей-ақ қою керек еді. Басқа вице-министр келсін. Дайындалып келу керек. Әрбір сұраққа күрсініп жауап бересіз, – дейді Қошанов.