Бес жылда 12 мың адам қаза тапқан: Қазақстандағы жол апаттарының себептері

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев заңсыз орнатылған жарықдиодты (LED) және екі жарықдиодты (Bi-LED)  жарықшамдар Қазақстандағы өлімге әкелетін жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі болып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАРЫҚТЫҢ ҚАУІПТІ ӘСЕРІ

Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында қарсы келе жатқан көліктердің көз қарықтыратын жарығы жүргізушілердің дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік бермей, жиі апатқа әкелетінін атап өтті.

«Қарсы бағыттағы жүргізушінің көзді қарықтыратын жарығы талай адамның өмірін қиды», – деді Сәрсенғалиев.

ЖОЛ АПАТТАРЫ КӨБЕЙІП, ҚҰРБАНДАР МЫҢДАҒАН

Депутат жол қауіпсіздігі мәселесі ұлттық деңгейдегі қатерге айналғанын еске салды. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 32 мыңнан астам адам жарақат алып, 1 446 адам қаза тапқан. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда апаттар саны шамамен 7 мыңға артқан. Соңғы бес жылда жол апаттарынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған, олардың ішінде мыңнан астамы – балалар.

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗУ ЖӘНЕ МАС ЖҮРГІЗУШІЛЕР

Сәрсенғалиевтің айтуынша, апаттардың негізгі себептерінің бірі – жүргізушілердің тәртіпсіздігі.

2024 жылы жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша 12,6 миллион дерек тіркелсе, 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілердің саны 16 мыңнан асқан.

Осыған байланысты депутат ережені бірнеше рет өрескел бұзған жүргізушілерді қайтадан емтихан тапсыруға міндеттеуді ұсынды.

ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Сәрсенғалиев заңсыз жүргізуші куәліктерін беру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, интернетте «250 мың теңгеге құқық алу» туралы жарнамалар ашық таралуда.

Соңғы жылдары полиция осындай схемаларға қатысты 222 фактіні анықтаған. Депутаттың пікірінше, жауапкершілікті күшейтпей бұл мәселені толық шешу мүмкін емес.

ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ МАҚСАТЫ – ТЕК ЖАЗАЛАУ ЕМЕС

Мәжілісмен камералар мен дрондардың тек жазалау құралы ретінде қолданылуын сынға алды. Оның ойынша, бұл технологиялар алдын алу шараларына да қызмет етуі тиіс.

Ол АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, дрондарды жолдардың жағдайын бақылауға пайдалануды ұсынды. Жолдағы ақаулар анықталған жағдайда ақпарат автоматты түрде жауапты мемлекеттік органдарға жеткізілуі керек.

«ӨЛІМ ЖОЛЫНА» АЙНАЛҒАН БІР ЖОЛАҚТЫ ТРАССАЛАР

Депутат жолдардың сапасы мен құрылымын да басты себептердің бірі ретінде атады. Оның дерегінше, апаттардың шамамен 30 пайызы жол жабындысының нашарлығынан болады. Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 90-шы орында тұр.

Жол белгілерінің, сызықтарының жоқтығы және шұңқырлар апатқа тікелей себеп болып отыр.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, бір жолақты трассалар ерекше қауіпті. 2025 жылы мұндай жолдардағы өлімге әкелген апаттар саны 41,9 пайызға артқан. Ең күрделі жағдай Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында байқалған.

Депутат жүргізушілерге қауіпті учаскелер, ауа райы жағдайы және жөндеу жұмыстары туралы нақты әрі дер кезінде ақпарат беруді цифрлық навигациялық платформалар арқылы жүзеге асыруды ұсынды.