Трамптың күйеу баласы мен АҚШ өкілі Мәскеуге бармақ

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді қарастырып жатыр. Олар Мәскеуде Украинаға қатысты жаңартылған ұсыныстарды таныстыруы мүмкін. Кездесу қаңтар айында өтуі ықтимал, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЗДЕСУ ДАТАСЫ ӘЛІ НАҚТЫЛАНҒАН ЖОҚ

Bloomberg агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, кездесу осы айда өтуі мүмкін. Дегенмен жоспар әлі нақты емес, ал уақыт Иран төңірегіндегі тұрақсыз жағдайға байланысты өзгеруі ықтимал.

Reuters бұл ақпаратты дереу растай алмады. Ақ үй түсініктеме бермеді, бірақ АҚШ әкімшілігінің бір өкілі Bloomberg-ке қазіргі уақытта ресми түрде ешқандай кездесу жоспарланбағанын айтты.

БЕЙБІТІШІЛІК ЖОСПАРЫ ЖӘНЕ ТРАМПТЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Bloomberg дерегінше, Уиткофф пен Кушнер Путин мен оның айналасына бейбіт ұсыныстардың соңғы нұсқасын таныстыруды көздеп отыр. Келіссөздер АҚШ пен Еуропа тарапынан қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіруге қатысты болмақ.

Бұл ақпарат Трамптың осы айдың басында Путиннің Украинадағы соғысты жалғастыруына байланысты ашық түрде наразылық білдіргеннен кейін шықты. Ол бастапқыда қақтығысты аяқтау оңай болады деп ойлағанын тағы да атап өтті.

АРАҒАЙЫНДЫҚ ҚАДАМДАР

Уиткофф пен Кушнер бұған дейін, желтоқсан айының басында Мәскеуге барып, Путинмен келіссөз жүргізген. Путин ол кездесуді «қажетті әрі пайдалы» деп бағалағанымен, АҚШ-тың соғысты тоқтату жөніндегі ұсыныстарында Мәскеу келіспейтін тұстар бар екенін айтқан.

Қаңтардың басында Парижде Украина, оның еуропалық одақтастары және АҚШ қатысқан саммит өтті. Онда соғыстан кейінгі Киевтің қауіпсіздік кепілдіктері талқыланды. Саммит аясында украин делегациясы америкалық тараппен бөлек келіссөздер жүргізді. Әңгіме Запорожье атом электр станциясы мен Донбастың болашақ мәртебесіне қатысты болды. Le Monde басылымының дерегінше, сол күндері Парижде Кремльдің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев те болған. Axios басылымы оның Кушнер және Уиткоффпен кездескенін хабарлады.