Қазақстанда алты айдан кейін ипотека арзандауы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алдағы жарты жылда Қазақстандағы ипотекалық нарықта өзгеріс болуы мүмкін. Билік шілде айынан бастап тұрғын үй несиесінің жылдық мөлшерлемесін 20 пайыздан асырмауды көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл қадам азаматтарға баспана алуды жеңілдетеді деп үміттенеді. Алайда экономистер бұл оптимизмді бөліспейді: керісінше, мұндай шектеу ипотеканы қолжетімді емес етіп жіберуі мүмкін дейді, деп жазады Информбюро31

ЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙ

Мемлекеттің жоспары – ипотеканың шекті мөлшерлемесін қазіргі 25 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарту. Бірақ сарапшылар биыл мұның жүзеге асуы екіталай екенін айтып отыр. Себебі елдегі инфляция жоғары, ал Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайыз деңгейінде тұр. Мұндай жағдайда банктер ипотеканы 22 пайыздан да төмен беруге құлықсыз. Егер мемлекет пайызды күштеп шектесе, ипотекалық нарықтың өзі қысқарып, несие беру көлемі төмендеуі мүмкін деген қауіп бар.

ЭКОНОМИСТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Экономист Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, банктер ипотеканы толық тоқтатпайды, бірақ құрылыс компанияларымен бірлескен балама бағдарламаларға көбірек сүйенуі мүмкін. Соның өзінде нарықтағы классикалық ипотеканың көлемі 30–40 пайызға дейін азаюы ықтимал. Оның пікірінше, ипотеканың шегін 20 пайызға түсіру үшін базалық мөлшерлеме кемінде 2–3 пайызға төмендеуі керек.

Ал пайыздық мөлшерлеме азайса, үй арзандай ма? Экономист Бауыржан Ысқақов мұндай сценарийге сенбейді. Керісінше, ипотека арзандаса, сатып алушылар саны көбейіп, сұраныс күшейеді. Ал сұраныс артқан жерде тұрғын үй бағасы төмендемейді, қайта өсуі мүмкін.

- 20 миллион теңгеге 20 жылға 25 пайызбен ипотека рәсімдейтін болса оның бағасы айына 420-450 мың теңгеден төлейді. Ал 20 пайызға төмендеген кезде 100 мың теңгеге айырмашылық шығады. Яғни 320-340 мың теңге төлейтін болады. Яғни, отбасыларға бюджеттік қысым азаяды да ипотека қолжетімді болады, – дейді экномист Бауыржан Ысқақов. 

Оның бағалауынша, ипотека арзандаған жағдайда пәтерлердің құны 15 пайызға дейін қымбаттауы ықтимал. Айта кетейік, мемлекет ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20 пайызбен шектеу идеясын былтырдан бері көтеріп келеді. Тіпті өткен жылдың қарашасында енгізу жоспарланған еді. Алайда базалық мөлшерлеме өскеннен кейін бұл бастама тағы да кейінге шегерілді.