АҚШ қазақстандықтарға иммиграция визасын беруді тоқтатады

Сырым Қаржас
khaleejfeed.com

АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігі көші-қон саясатын қатаңдатуға кірісті. 21 қаңтардан бастап Америка бірқатар елдердің азаматтарына, оның ішінде Қазақстан тұрғындарына да тұрақты тұруға мүмкіндік беретін иммиграциялық визаларды уақытша беруді тоқтатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл шешім 14 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік департаменті тарапынан ресми түрде жарияланған, деп жазады Azattyq. NBC News пен Reuters деректеріне сәйкес, шектеу енгізілген 75 елдің қатарына Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Молдова, Беларусь, Грузия, Ресей, Иран, Пәкістан және Өзбекстан секілді мемлекеттер кірген.

Айта кетерлігі, бұл шектеу АҚШ-қа турист ретінде барғысы келетіндерге, білім алуға ұмтылған студенттерге немесе футболдан әлем чемпионатына қатысу үшін виза алатындарға қатысты емес. Тыйым тек АҚШ-қа қоныс аударып, тұрақты тұруға жол ашатын иммиграциялық визаларға ғана қолданылады.

НЕ ҮШІН ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМ

Мемлекеттік департамент бұл қадамды әлеуметтік және мемлекеттік жәрдемақыларды теріс пайдаланудың алдын алу мақсатымен түсіндіріп отыр. Ведомствоның мәлімдеуінше, АҚШ болашақта көшіп келетін адамдардың ел экономикасына салмақ салмауын қамтамасыз еткісі келеді.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысының орынбасары Томми Пиготтың айтуынша, көші-қон қызметі кейбір шетелдіктерді «иммиграцияға жарамсыз» деп тану құқығын пайдаланады, өйткені ондай адамдар кейін АҚШ-та әлеуметтік көмекке тәуелді болып кетуі мүмкін.

Сонымен қатар, Вашингтон иммиграциялық визаларды қарау тәртібін қайта қарап жатқанын хабарлады. Алайда виза берудің нақты қашан қайта басталатыны әзірге ашық айтылған жоқ.

АҚШ-та тұруға құқық беретін грин-картаға қол жеткізудің негізгі жолы – дәл осы иммиграциялық виза арқылы елге көшу болып қала береді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Diversity Visa бағдарламасы бойынша барлық визаны беруді уақытша тоқтатқан болатын. Сонымен қатар, АҚШ грин-карта беруді тоқтатты.