Экономист Марат Қайрленовтің айтуынша, Қазақстан жаппай бизнес көшінің алдында тұр. Кәсіпкерлер Өзбекстан мен Қырғызстанға көше бастауы, ал ел ішінде көптеген компаниялардың жабылуы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болып жатыр?
Сарапшының болжауынша, жаңа Салық кодексінің салдары алдағы бірнеше айдың ішінде айқын сезіле бастайды. Қазірдің өзінде халықтың нақты табысы төмендеп жатыр. Сондықтан Қайрленов үкіметке даулы нормаларды уақытша тоқтатып, бизнесті құтқаруға соңғы мүмкіндік бар екенін ескертеді.
Оның айтуынша, егер компаниялар жабыла бастаса, билік маусым айына қарай ғана қателік кеткенін мойындауы мүмкін. Бірақ ол кезде кеш болады.
— Компаниялар жаппай жабыла бастағанда, үкімет маусымда шығып: «Біз қателестік, енді не істейміз?» деуі мүмкін. Бірақ сол кезде көптеген фирманы қайтара алмайсың. Егер бизнес Өзбекстанға немесе Қырғызстанға көшсе, олар тез арада кері оралмайды. Сенім бір сәтте қайта қалпына келмейді. Ал адамдар жұмыссыз қалып, несиелерін төлей алмайды. Біз неге қазір дабыл қағып, мемлекеттік органдарға қайта-қайта үн қатып отырмыз? Себебі дәл қазір шешім қабылдамасаңыздар, қайтарылмайтын процестерді бастап жібересіздер. Қазірдің өзінде нақты табыс төмендеді, алдағы бір-екі тоқсанда бұл үрдіс жинақталып, одан әрі күшейеді, — деді Марат Қайрленов TengeTalks-қа берген сұқбатында.