Шөбересін зорлады деп айыпталған 82 жастағы зейнеткер 20 жылға сотталды

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Астана қаласының соты 82 жастағы зейнеткерге қатысты үкім шығарды. Ол жеті жастағы шөбересіне жыныстықзорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«НеМолчи» қорының жазуынша, іс қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша қаралған. Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыс қыз баланың жеті жасқа толған күні, отбасы мүшелері жиналып, туған күнін атап өтіп жатқан сәтте, түнгі уақытта үй ішінде жасалған.

Қор мәліметінше, күдіктіні қылмыс үстінде туыстарының бірі байқап қалған. Олар сот отырысында куә ретінде жауап берген. Айыпталушының кінәсі жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен де дәлелденген.

«Зейнеткер өз әрекетінің мәнін толық түсінген. Оқиға әшкереленген соң, ол қашып кеткенімен, бір тәулік ішінде полиция ұстаған», – деп жазды «НеМолчи».

Жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Азамат Сағалдың айтуынша, прокурор соттан 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші баланың жақындары зейнеткерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап еткен.