Алматыда Air Astana-ның лоукостері FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты. Алмалы аудандық сот Ренат Абулханов, Еркін Исанов және Дәурен Еркенұлын аса ірі көлемде қаржы жымқырды және ақшаны заңдастырды деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қанша жылға сотталды?
Тергеу нұсқасына сәйкес, дәл осы үш менеджер FlyArystan-ға 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген схемаға қатысқан. Сот шешімімен:
Ренат Абулханов пен Еркін Исанов – 8,5 жылға,
Дәурен Еркенұлы – 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Барлығына мүлкін тәркілеу және 5 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалды. Бұл ақпаратты адвокаттар Ulysmedia.kz тілшісіне растады.
«Миллиард қайдан шықты?»
Іс 2024 жылдың соңында басталған. FlyArystan-дағы аудит кезінде есеп жүйесінде 1 млрд теңгеден аса жетіспеушілік анықталып, Air Astana құқық қорғау органдарына жүгінген.
Тергеу мәліметінше, ақша авиабилеттермен манипуляциялау арқылы шығарылған: жеңілдікті тарифтерді қолдан ашу, сатуды «қолмен» іске қосу және стандарттан тыс операциялар.
Айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Олардың қорғаушылары «бұл нақты ұрлық емес, компанияның алынбай қалған пайдасы» деп уәж айтты.
«Өз адамдарына» арналған билеттер
Іске ерекше резонанс тудырғаны – Ренат Абулхановтың хат-хабарлары. Онда нақты адамдарға ең арзан тарифтерді қолдан ашып беру өтініштері бар. Тізімде Air Astana басшысының жұбайы, шенеуніктер және «қажетті» жолаушылар аталады.
Хабарламаларға қарағанда, билеттер әдейі тек белгілі бір сәтте ашылып, қарапайым клиенттерге қолжетімсіз болған. Тіпті толып тұрған рейстерге де билет рәсімделіп, жасанды овербукинг пен жолаушыларды рейстен түсіру жағдайлары болған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ — тараптар апелляция бере алады.