Германия ресейлік кемелердің жолды жапты

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Германия билігі Ресей Федерациясына қатысы бар кемелердің ұлттық аумақтық суларға кіруіне шектеу қойып жатыр. Осындай оқиғалардың бірі 10 қаңтарда «зомби-танкер» деп аталған Tavian кемесімен байланысты болды. Ол, болжам бойынша, Санкт-Петербургке бағыт алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Соңғы уақытта Германияның федералдық полициясы Ресейдің «көлеңкелі флоты» саналатын кемелердің Балтық және Солтүстік теңіздеріндегі ұлттық аумақтық суларға кіруіне тыйым сала бастады. Бұл туралы 15 қаңтарда Tagesschau порталы хабарлады. Ақпарат NDR және WDR радиостанциялары мен Süddeutsche Zeitung газетінің деректеріне сүйеніп жарияланды.

«ЗОМБИ-ТАНКЕР» ТЕКСЕРІЛДІ

БАҚ дерегінше, 10 қаңтарда Tavian танкері Солтүстік теңіз арқылы Германияның аумақтық суларына кірген. Ол Балтық теңізіне өтіп, Санкт-Петербургтегі мұнай терминалдарының біріне бармақ болған.

Федералдық полиция кемеге тікұшақ жіберіп, капитаннан барлық деректерді талап етті. Тексеру барысында Tavian 2021 жылдан бері АҚШ санкциялық тізімінде тұрғаны анықталды. Қазір ол жалған тумен жүзіп, халықаралық теңіз ұйымының идентификациялық нөмірін заңсыз өзгерткен. Осыдан кейін Германия билігі кемеге Балтық теңізіндегі өз сулары арқылы өтуді ресми түрде тыйым салды. Tavian бағытын өзгертіп, кері қайтты. Сарапшылардың айтуынша, капитан кеменің тәркіленуінен қорыққан болуы мүмкін.

БҰРЫНҒЫ ОҚИҒАЛАР

Бұған дейін Германия құқық қорғаушылары Ресейдің «көлеңкелі флоты» кемелеріне қатысты сирек шара қолданатын. Бірақ соңғы айларда жағдай өзгерді. Мәселен, Германия өз аумақтық суларына Ресей туы астында жүрген «Академик Борис Петров» зерттеу кемесін және Chariot Tide мұнай танкерін кіргізуден бас тартты.

Chariot Tide 5 желтоқсанға қараған түні Солтүстік теңіздегі Германия суларына кіріп, техникалық ақау барын айтып, якорь тастаған. Бұл орын теңіз түбіндегі телекоммуникациялық кабельдерге жақын маңда болғандықтан, неміс құқық қорғаушылары кемеге көтеріліп, тексеріс жүргізді. Алғашында Гамбия туы астында жүрген танкер 7 желтоқсанда жолын жалғастырды, бірақ бұл жолы Мозамбик туын көтеріп шықты.

САЯСАТТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Кемелердің жалған тумен жүруі Германияның саясатын өзгертудің басты себебі болды. Бұған дейін Германия билігі Біріккен Ұлттар Ұйымының теңіз құқығы жөніндегі конвенциясына сүйеніп, барлық кемелердің кез келген елдің аумақтық сулары арқылы «бейбіт өту құқығы» бар деп есептейтін. Алайда құжатта бұл құқық тек өз елінің нақты туы астында жүрген кемелерге ғана берілетіні көрсетілген. АҚШ билігі де осы тармаққа сүйеніп, Ресейдің «көлеңкелі флоты» танкерлеріне қарсы шаралар қабылдаған болатын.