Түркістан облысында әкесін ұрып өлтірген ұлы сотталды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Түркістан облысында сот өз әкесін аяусыз соққыға жыққан 41 жастағы ауыл тұрғыны Алмас Садақбаевқа үкім шығарды. Ауыр дертке шалдыққан, өздігінен қозғала алмайтын қарт әке баласына толықтай тәуелді болған. Кезекті соққыдан кейін ол көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жүйелі түрде жасалған соққы

Бұл оқиға өткен жылдың күзінде қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде Қоссейіт ауылында түсірілген видео тарады. Кадрда ер адамның үй ауласында қарт кісіні ұрып жатқан сәті көрінеді. Жазбаны көршілері түсірген.

Алмас Садақбаев бірнеше жыл отбасымен Шардара ауданында тұрған. 2025 жылдың мамыр айында ол үй сатып алып, өзіне 70 жастағы әкесін көшіріп әкелген. Ауыр сырқатына байланысты қарт адам дәрменсіз күйде болып, үнемі күтімді қажет еткен. Алайда ұлы оған көмектесудің орнына, үнемі күш қолданған. Соққы бірнеше рет жасалған және көбіне үйдің ауласында болған.

Сотта эпизодтардың бірін прокурор былай сипаттады:

- 2025 жылғы 13 тамызда сағат 18:40 шамасында әкесінің өздігінен дәретханаға шыға алмағанына ашуланған А. Садақбаев “қабырғаңды сындырамын” деп қорқытып, үй ауласында әкесін қолымен және аяғымен денесінің түрлі тұсынан аса қатыгездікпен ұрып, дене жарақаттарын салған.

Тергеу бұл зорлық-зомбылықтың жүйелі сипатта болғанын анықтады.

Сараптама нәтижесі

Қарт кісі қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама қабырғалардың сынғанын, мұрын сүйегінің сынуын және көптеген қан құйылуларды анықтады. Жарақаттардың бір бөлігі бұрынғы соққыларынан қалған, бұл соққының бір рет қана болмағанын дәлелдейді. Алайда өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмаған.

— Азаматтың өлім себебі анықталған жоқ, себебі мәйіт сараптамаға түскен кезде денесі шіри бастаған. Бұл мәйітті және гистологиялық зерттеу нәтижелерімен расталады, — деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы сотта.

Сот залындағы көз жасы

Соттағы жарыссөздер мен соңғы сөз кезінде Алмас Садақбаев жылап, өз кінәсін толық мойындады және халықтан кешірім сұрады. Қорғау тарапы жеңілдік сұраса, прокурор 6 жыл 2 ай бас бостандығынан айыруды талап етті. Барлық дәлел мен тараптардың уәжін ескере келе, сот жеңілірек жаза тағайындап, Алмас Садақбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды.