Баласының еміне жиналған ақшаны жұмсады деп сотталған Тотақанова мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Әлеуметтік желіде өзін Альтаир есімді баланың анасы ретінде таныстырған Толқын Тотақанова үндеу жариялап, соңғы уақытта қоғамда талқыланып жатқан іске байланысты өз шындығын баяндады. Оның айтуынша, отбасы шын мәнінде ауыр дертке шалдыққан баланы тәрбиелеп отыр және жиналған қаражат баланың еміне жұмсалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Баламыз расымен ауыр науқас»

Толқын Тотақанова жазбасында ұлының ауыр сырқатпен ауыратынын айтты.

- Мен – Альтаирдің анасы Толқынмын. Бүгін бар шындықты айтқым келеді. Біздің баламыз расымен ауыр науқас. Ол ауыр дертке шалдыққан, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, қазақстандықтар отбасыға шынайы жанашырлықпен көмектескен.

- Адамдар бізге шын ниетімен қолдау көрсетті. Олар баламды көрді, оның жағдайын, біздің жан күйзелісімізді білді, – дейді анасы.

Толқын Тотақанованың айтуынша, баласы бірнеше елде ем қабылдаған.

- Біз оны Түркияда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Ресейде емдеттік. Қазір айтылып жүргендей 6 миллион теңге емес, емге шамамен 160 миллион теңге жұмсалды, – деп нақтылады ол.

«Өзіміз бопсалаудың құрбаны болдық»

Анасының мәлімдеуінше, дәл осы кезеңде өзі де ауыр қылмыстың құрбанына айналған. Оның сөзінше, Жадыра Зарлыханова, Алмат Сұлтанов және Болатбек Сұлтанов есімді азаматтар бопсалапты-мыс.

- Менің өзімді де бопсалад. Бұл адамдар ауыр халдегі баламның еміне жиналған барлық қаражатты тартып алды, – деп жазды Толқын Тотақанова.

«Бес жыл бойы өлтіремін деп қорқытты»

Әйел бес жыл бойы үреймен өмір сүргенін айтады.

- Олар бізді өлтіреміз, жазалаймыз деп үнемі қорқытты. Баламды емдету үшін ғана 45 миллион теңге қарыз алуға мәжбүр болдым, – дейді ол.

Оның мәліметінше, нәтижесінде әлгі адамдардың қолына 700 миллион теңгеден астам қаражат өткен.

- Бұл жай сөз емес. Бұл аудиторлық тексеріс пен қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген, – деп атап өтті ол.

«Біз сотталдық, ал олар бостандықта»

Толқын Тотақанова қазіргі сот процесіне де наразылығын білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жауапқа тартылып отырған — өзі мен отбасы, ал қаражатты иемденген адамдар бостандықта жүр.

- Бүгін сот алдында біз тұрмыз. Ал біздің қайғымыз арқылы байығандар елеусіз қалды. Олар әлі еркіндікте, – дейді ол.

Әйел күйеуінің де әділетсіз түрде қамауда отырғанын алға тартты.

- Жолдасым жазықсыз отыр. Неге бұл адамдарға ешкім тиіспейді? Олардың артында кім тұр?, – деп сауал тастады ол.

Жазбасының соңында ана қоғамға жанайқайын жеткізді. Ол әділдік орнағанын қалайтынын, ұлының емі жалғасқанын қалайтынын айтты. 

Контекст

Еске салайық, Толқын және Дәулет Тотақанов 2020-2024 жылдар аралығында әлеуметтік желі арқылы баласының еміне ақша жинаған. Олардың шотына 2,2 млрд теңге түскен. Оның 1,4 миллиарды қайырымдылықтан түскен. Алайда сот барысында ол ақшаның көбін Тотақановтар көлік, үй, бренд заттар сатып алуға жұмсағанын анықтаған.

Сот үкімімен Толқын және Дәулет Тотақановтың әрқайсы жеті жылға сотталды. Алайда Толқынның кішкентай баласы болғандықтан жазасын екі жылдан кейін өтей бастайды.