Саясаттанушы Ғазиз Әбішев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевты Палестина–Израиль қақтығысын реттеу жөніндегі Бейбітшілік кеңесінің құрамына шақыруы — Қазақстан президентінің елеулі дипломатиялық жетістіктерінің көрінісі деген пікірде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАЙЛАНЫС БАР
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мемлекет басшысына жолданған шақыртуға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл екі ел көшбасшысы арасында орнықты жұмыс байланысы қалыптасқанын аңғартады.
— Трамп қазақстандық көшбасшыны G20 саммитіне өзі бастама көтеріп шақырды, кейін Таяу Шығыстағы реттеу процесіне қосылуды ұсынды. Ұзақмерзімді дипломатиялық шарттарға байланбайтын АҚШ президентімен мұндай қарым-қатынас орнату — өте нәзік әрі дәл жұмысты талап етеді, — деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптесіне Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі қағидаттарын — прагматизмді және перспективалы халықаралық бастамаларға ашықтықты жеткізе алған.
БЕЙТАРАП ҰСТАНЫМ
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан президентінің Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу ісіне қатысуына оның өңірдегі ахуалды жақсы білуі де ықпал етеді. Мемлекет басшысы тараптардың ұстанымынан хабардар әрі жағдайды бейтарап бағалай алады.
— Қазақстан халықаралық аренада артық эмоциядан арылып, барлық мүдделі тараппен диалог жүргізе алатынын бірнеше рет дәлелдеді. Мәселен, 2025 жылдың желтоқсанында Тоқаев Палестина президенті Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесті. Ал 2026 жылдың қаңтарында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен келіссөз жүргізді, — деп атап өтті Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, Тоқаевтың АҚШ шақыруымен Бейбітшілік кеңесіне қосылуы Ресейге немесе Қытайға қарсы бағытталған қадам ретінде қарастырылмайды.
Бұл ондаған жылға созылған халықаралық қақтығысты тоқтатуға бағытталған жаһандық жұмыс аясындағы дипломатиялық қадам. Сондықтан Астананың мұндай бастамаға қатысуына ешқандай шектеу жоқ, деп түйіндеді ол.
КЕҢЕС
Еске салайық, бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша жаңадан құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына ресми түрде шақырғаны белгілі болды.