«Орыс әлемінің» идеологы Қазақстанды тәуелсіздігінен айыруға шақырды

Ulysmedia
скриншот

Ресейлік оңшыл радикал философ, «орыс әлемінің» идеологы Александр Дугин Қазақстан мен өзге де постсоветтік елдерді тәуелсіздігінен айыруға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Инфоцелина» You Tube арнасына берген сұхбатында Александр Дугин Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Әзербайжанға қатысты мәлімдеме жасады.

«Біз өзіміздің бақылауымызға алмаған аймақтардың барлығы Швейцария сияқты бейтарап болып қалмайды. Олар өзге полюстердің форт постына айналады. Бірінші кезекте қақтығысқа бейім АҚШ полюсінің. Сол себепті тәуелсіз Армения, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен келіспеу керек. Жаңа модельде тәуелсіз ешнәрсе бола алмайды. Олар біздің лагерьде болады немесе батыстың, Еуроодақтың, АҚШ-тың, мүмкін қандай да бір жағдайларда Қытайдың тірек алаңына (плацдарм) айналады», – деді ол.

Александр Дугин тағы да әлемде жаңа геосаяси жағдай қалыптасқанын қайталады. Ол бұндай жағдайда Ресей өзінің бақылау аймағын қалыптастыруы қажет деді. «Орыс әлемінің» идеологы совет одағының құлауын «геосаяси апат ғана емес, қылмыс» деп бағалады.

Александр Дугин деген кім?

Александр Дугин – «орыс әлемі» идеологтарының бірі. Оның идеялары Кремль саясатына ықпал ететіні айтылып жүр. Бірақ сарапшылар мұндай ойды Дугиннің өзі қалыптастырды дейді.

Александр Дугин 1997 жылы «Геосаясат негіздері» деген еңбек жариялап, онда Украинаның тәуелсіз ел ретінде Ресейге қауіп төндіретінін, Еуразия империясын құруға кедергі жасайтынын жазған. 2014 жылы Ресей билігінің Қырымды аннексиялауын қоштаған Дугин Кремльдің Украинаға қатысты жүргізіп отырған саясаты мен басқыншылық идеяларын түбегейлі қолдайды.

Ол 2008 жылы Мәскеудің Грузияға шабуылын да жақтаған.

Еуразия одағы идеясы авторларының бірі деп аталатын Александр Дугин Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мақтайтын. Ол 2004 жылы «Назарбаевтың еуразиялық миссиясы» деген кітап та жазған. Назарбаев президент болып тұрған кезде Астанадағы Еуразия ұлттық университеті Александр Дугинге құрметті профессор атағын берген.