«Ақшаны тірі сектордан өлі жүйеге құйып жатырмыз»: Жәкішев салық реформасы туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, салықты арттыру арқылы билік қаржыны экономиканың өнімді секторынан тиімсіз салаға қайта бөліп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жәкішевтің сөзінше, нарықтық ортада айналымдағы 1 теңге 1,5–2 теңге көлемінде табыс әкелсе, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда ең жақсы жағдайда мардымсыз пайда ғана болады, ал көп жағдайда мүлде шығынға ұшырайды.

— Елдегі барлық қаражатты 100 пайыз деп алайық. Соның шамамен жартысы тиімді секторда — яғни бір теңге екінші теңгені тудыратын ортада айналып жатыр. Ал екінші бөлігі — квазимемлекеттік секторда, мұнда теңге теңге әкелмейді. Біз не істейміз? «Салықты көтерейік» дейміз де, сол нарықтық сектордан қаражаттың бір бөлігін алып, осы жаққа құямыз. Яғни ақшаны тиімді сектордан алып, тиімсіз салаға ауыстырып жатырмыз.

Ал халыққа бұл жерде «керемет жобалар бар» деп айтылады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды және ешқашан олай болмайды, себебі бұл — табиғаттың заңы. Тіпті жемқорлық жоқ елдердің өзінде де мемлекеттік сектор жеке сектордан тиімді бола алмайды, — деді Мұхтар Жәкішев Lighthouse арнасына берген сұқбатында.