Дрон шабуылы Қазақстан мұнайын тоқтатты

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

2025 жылдың қараша айында дрондар соққысына ұшыраған «Каспий Құбыр Консорциумы» теңіз терминалындағы сыртқы айлақ құрылғысын қалпына келтіру мүмкін емес. Дәл осы шабуылдың салдарынан Қазақстан мұнайының экспорты күрт төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚҰРЫЛҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Консорциумның бас директоры Николай Горбань Новороссийскідегі теңіз терминалына барып, айлақ құрылғыларының жағдайын тексерді. Ол ВПУ-2 құрылғысының (Выносное причальное устройство — Сыртқы айлақ құрылғысы) қарашадағы дрон шабуылынан кейін қайта іске қосылуы мүмкін еместігін айтты.

29 қараша күні құрылғыны ұшқышсыз катер арқылы жасалған террористік шабуыл зақымдаған. Зақымдану деңгейі құрылғыны әрі қарай пайдалануға жол бермейді. Қазір бүлінген айлақ демонтаждалады, болашақта оны алмастыру мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал, бірақ нақты мерзімі белгісіз.

ЖОСПАРЛАНҒАН ЖӨНДЕУДІҢ СОЗЫЛУЫ

Ал ВПУ-3 құрылғысы әлі де жоспарлы жөндеуде. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған еді, алайда бір айдан астам уақыт өтсе де құрылғы іске қосылған жоқ. Қазақстан мұнайын тұрақты экспорттау үшін кемінде екі айлақ жұмыс істеуі тиіс, ал қазір тек ВПУ-1 ғана жұмыс істеп тұр.

КТК өкілдері ВПУ-3 жөндеуінде «соңғы дайындық шаралары» жүріп жатқанын айтты. Жөндеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзаққа созылған, себебі су астындағы шлангілер мен жүк жүйесінің түтіктерін ауыстыру қиынға соққан.

КОНСОРЦИУМНЫҢ МӘЛІМЕТІ

«Барлық нысандар мен жабдықтар тиісті жағдайда. Қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың өкілдері тапсырмаларды орындауда жауапкершілік танытып, кәсіби деңгейін көрсетіп отыр», — деп мәлімдеді «Каспий Құбыр Консорциумы». Дегенмен нақты мерзім әлі белгісіз. Бұл Қазақстан мұнайының негізгі бағыттағы экспортының тұрақсыздығын көрсетеді.

ЭКСПОРТҚА ҚАУІП

Сонымен қатар, Қазақстан 600–700 мың тонна мұнайды экспорттай алмай, пайдадан қағылатыны белгілі болды. Бұған 18 қаңтарда трансформаторда шыққан өрт себеп болған. Оқиға электрмен жабдықтаудағы ақауға және өндірістің тоқтауына әкелді. Мұнай өндіру ақпан айына дейін тоқтап тұруы мүмкін.