Қазақстан да бар: АҚШ 75 елге виза беруді тоқтатты

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

21 қаңтардан бастап Америка Құрама Штаттарының билігі 75 елдің азаматтарына иммиграциялық визалар беру өтініштерін белгісіз мерзімге тоқтатты. Бұл елдердің қатарында Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және Өзбекстан бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, шешім 14 қаңтарда жарияланып, 21 қаңтардан бастап күшіне енді.

ШЕШІМНІҢ СЕБЕБІ

Америкалық билік мұндай қадамды «жоғары тәуекелді елдерден» келетін азаматтарға визалар беру ережелерін қайта қараумен түсіндірді. АҚШ Мемлекеттік департаменті елге келген мигранттар әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді болып, қоғамға ауыртпалық түсірмеуі тиіс екенін атап өтті.

ҚАНДАЙ ВИЗАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ?

Иммиграциялық визаларға – яғни жұмыс істеу немесе отбасымен қауышу мақсатындағы визаларға – шектеу қойылды. Ал студенттік, туристік және іскерлік визалар бұрынғыдай қалыпты режимде беріле береді.

Өтініш берушілер визалық сұхбаттарға қатыса алады, бірақ процесс соңғы кезеңге – визаның өзіне қол жеткізуге жетпейді.

АҚШ-ТЫҢ МИГРАЦИЯЛЫҚ САЯСАТЫ ТРАМП КЕЗІНДЕ

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы жылы иммиграциялық саясаттың қатаңдатылуымен ерекшеленді. Маусым айында 12 елдің азаматтарына толықтай кіруге тыйым салынды. Желтоқсанда бұл тізім кеңейіп, 39 елге жетті. Олардың басым бөлігі Африкада, кейбірі Латын Америкасы мен Азияда орналасқан.

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі АҚШ тарихындағы ең төменгі босқындар квотасын белгіледі: 2026 жылы небәрі 7500 босқын қабылданады. Бұл көрсеткіш Джо Байден бекіткен 125 000 лимиттен әлдеқайда аз.

Қазіргі билік білікті жұмысшылардың миграциясын да шектеуге тырысуда. Мысалы, шетелдік мамандарды жалдау үшін қолданылатын H-1B визасының алымдары 1500 доллардан 100 000 долларға дейін көтерілді.

ДЕПОРТАЦИЯ ЖӘНЕ КӨШІП КЕТУ

Иммиграциялық және кеден қызметі (Immigration and Customs Enforcement – ICE) қызметкерлерінің саны күрт артты. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегінше, 2025 жылы елден 605 мың адам депортацияланды, тағы 1,9 миллион адам өз еркімен кетіп қалған.