Иранда жаппай наразылықтардан кейін билік бизнес өкілдері мен қоғам алдында танымал адамдарға қысымды күшейтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Financial Times басылымының мәліметінше, елде шерулерді қолдады деген күдікке ілінген компаниялар мен кәсіпкерлердің мүлкі тәркілене бастаған, сондай-ақ бірқатар мекеме мен медиа жабылып жатыр.
20 қаңтарда Тегеранның бас прокуратурасы 20-дан астам спортшыға, актерге және киноиндустрия өкілдеріне қатысты іс қозғалғанын мәлімдеді. Оларға «наразылықты қоздырды» деген айып тағылған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, олардың мүлкі тәртіпсіздік кезінде келген шығынды өтеу үшін пайдаланылмақ.
Қысым кәсіпорындарға да әсер етті. Иран дереккөздерінің мәліметінше, шамамен 60 кафе «террористік әрекеттерді тікелей немесе жанама түрде қолдаған» орындар ретінде аталған. Tasnim агенттігі елде танымал кофехана желісі мен сауда орталығының иесі Мұхаммед Саединияның ұсталғаны және оның мүлкі тәркіленгенін хабарлады.
Сонымен қатар, билік ақпараттық кеңістікті бақылауды күшейтті. Ham-Mihan реформаторлық газеті наразылықтар кезінде мемлекеттік ауруханалардың жұмысы туралы материалдар жариялағаны үшін жабылған. Тағы бір агенттік пен жаңалықтар порталы жалған ақпарат таратты деп айыпталғаны айтылды, алайда олардың атауы нақтыланбайды.
Полиция басшысы Ахмад-Реза Раданның мәлімдеуінше, наразылыққа қатысқан көптеген жас азаматтар, оның пікірінше, «алданған», алайда «тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларын» қатаң жаза күтіп тұр. Ол сондай-ақ «шетелдік арнайы қызметтер жаңылыстырған» адамдарды үш күн ішінде өз еркімен берілуге шақырып, бұл жағдайда айыптардың жеңілдеуі мүмкін екенін айтты.
КОНТЕКСТ
Бірнеше аптаға созылған көтеріліс қайталануы мүмкін бе? Аятолла билігі неге құламады? АҚШ Иранға не себепті соққы жасамады? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.