Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған жоқ - ғалым

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақ тарихын Америкада зерттеп жүрген тарихшы Ян Кэмпбелл "Қазақстанның Ресейге "өз еркімен қосылғаны" туралы әңгімеге жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ян Кэмпбелл – Дэвистегі Калифорния университетінің тарих профессоры, соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы Ресей империясының Қазақстандағы отарлау саясатын зерттеп келеді. Ол "Цукербергтің көршілері" подкасында "Қазақстанның Ресейге "өз еркімен қосылғаны" туралы әңгіме қаншалық рас не өтірігін айтып берді. 

“Мен мектепте білім алып жүргенде Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды деп айтатын еді. Кіші жүздің Әбілқайыр ханы Орыс императрицасы ІІ Екатеринаға барып, қорғаныш бол деп сұрады деп оқыдық. Сонда бұл миф болғаны ма?”, – деп сұрады ғалымнан журналист Ақсәуле Әлжан. 

ТАРИХШЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Ян Кэмпбеллдің сөзінше, адамдар осылай айтқанда асыра сілтеу бар. 

- Сол сәттің маңызын, барлық салмағын, дұрыс көрсетпейтін секілді. Бұл тек Әбілқайыр ханның жағдайында емес, осы сияқты пікірлер жалпы Ресей империясының ұлғаюына қатысты айтылады. Ресей оңтүстік пен шығысқа ұлғая отырып, келесі келісімдерге енеді: даладағы басқа да күш иелерімен келісімге келеді. Ол қазақ хандығы болсын, қалмақтар болсын… Ол хандар болса, екі тәуелсіз мемлекет арасындағы келісімге қол қойып жатырмыз деп ойлайды. Бір-біріне көмек, қорғаныш болу үшін десек те болады және кейде әдейілеп, қасақана жасалған, кейде солай болған, түсініспеушілік арқылы. Ал Ресей мұны “одақтастық, альянс” деп емес, “қол астына өту келісімі” деп түсінеді. Осындай түсініспеушіліктер болып тұрды басында, – дейді маман. 

Ғалым Ян Кэмпбелл. Видео кадры

Ғалымның сөзінше, бұл тек бастапқы келісімдер болған. 

- Осы келісімдерден кейін Ресей империясы оңтүстікке, шығысқа қалай тарағанын білесіздер. Бұл – жаулап алу. Әр жағдайда келісіп, жерлерді келісіммен қосып алып отырды деуге болмайды. Ресей Далаға ене бере түрлі көтерілістерді басумен болды. Немесе жаңа тәртіпке бағынғысы келмеген қазақ хандары мен сұлтандарымен айналысып отырды. Мәселен Кенесарыны күшпен, қарумен жеңді. Бұл шындығына келгенде жаулап алу. Бұл қазақтардың ешқандай мүмкіндігі мен таңдауы болған жоқ дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, бұл Қазақстан Ресейге өз еркімен кіріп, ешқандай қатігездік, күш көрсету болмайды дегенді де білдірмейді,  – дейді ғалым. 

Ян Кэмпбелл үш маңызды дүниеге тоқталды.

- Ресей империясы қазақ даласын немесе қазақтарды соңына дейін түсіне алған жоқ. Олар орыс емес ұлттар. Соның ішінде қазақтарды түсіну үшін әрекет жасау керегін түсінді. Бұл нені білдіреді? Кей қазақтар Ресей жаулап алғаннан кейін де бірқатар кұш пен ықпалды қолдарына ұстап тұра алды деген сөз. Бірақ осы жағдай крестьяндарды көшіріп әкелу саясатынан кейін түбегейлі өзгереді. Империялық билеудің өзіне тән қасиеттері болды. Бұл ережелер біраз уақытқа созылды. Бірақ билеудің бұл түрі орыс шаруаларын Қазақстанға көшіріп әкелгенде түбегейлі өзгерді, – дейді ғалым.