Швейцарияның Давос қаласында Украина президенті Владимир Зеленский мен Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп жүздесті. Әңгіме-дүкен Әлемдік экономикалық форум аясында өтті. Ақ үйдің хабарлауынша, келіссөздер шамамен бір сағатқа созылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кездесуден кейін Трамп журналистерге пікір білдіріп, Зеленскиймен әңгіме жақсы өткенін айтты. Ол Ресей Федерациясының Украинаға қарсы соғысы аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ екі тараптың да бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізді.
ТРАМП: ЗЕЛЕНСКИЙ КЕЛІСІМГЕ ДАЙЫН
Форумда сөз сөйлеген Трамп Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеп, украиналық президент келісімге дайын екеніне сенім білдірді. «Біз бұл мәселеге өте жақындап қалдық деп айта аламын», – деді ол. Америка Құрама Штаттарының басшысы тағы да Украинадағы төрт жылға жуық уақытқа созылған соғыстың тоқтатылуы қажет екенін қадап айтты.
КЕЗДЕСУДІҢ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
Зеленский мен Трамптың кездесуі АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде өткізген келіссөздерінен бірнеше сағат бұрын өтті.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ШАРТЫ
Зеленский 20 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде Ресейдің әуе шабуылдарына байланысты Украинада көптеген шұғыл мәселелер бар екенін айтқан. Ол Швейцарияға тек қол қоюға дайын құжат әзірленсе немесе жаңа әрі нақты көмек уәделері берілсе ғана баратынын жеткізді. Әсіресе әуе қорғаныс құралдарын жеткізу мәселесі басты назарда екенін атап өтті.