Ресей финн өнімдерін санкцияға қарамай алып жатыр

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Финляндияның Yle телерадиокомпаниясы жүргізген зерттеу нәтижесінде Ресей финндік Wärtsilä машина жасау компаниясының өнімдерін ондаған елдегі делдал фирмалар арқылы алып отырғаны анықталды. Бұл схема Мәскеуге Батыс санкцияларынан айналып өтуге мүмкіндік береді. Алынған бөлшектер «көлеңкелі флот» деп аталатын кемелерді жөндеуге де пайдаланылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРЖЫЛЫҚ КӨЛЕМ

Журналистердің дерегінше, 2023–2025 жылдары Ресейге Wärtsilä бөлшектері шамамен 6 миллион еуроға жеткізілген. Компания Ресей нарығынан 2022 жылы кеткеніне қарамастан, өнімдер елге кіріп отырған. Негізгі делдалдардың бірі – Грузия астанасы Тбилисиде орналасқан Arnika Trade LLC. Ол Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Мальдив аралдарындағы серіктестер арқылы финндік өнімдерді 1 миллион еуродан астам сомаға сатып алған. Arnika-ның жалғыз клиенті – ресейлік Elite Shipping, ол ірі мұнай тасымалдаушы Prime Shipping компаниясымен жұмыс істейді.

ДЕЛДАЛДАР ЖЕЛІСІ

2022 жылдың ақпанынан бері Ресейдің 60 фирмасы Wärtsilä өнімдерін сатып алған. Көпшілігі тек бір рет тапсырыс берген. Ал сатушылар саны жүзден асады, олардың басым бөлігі Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркиядан шыққан. Әрбір сатушы санкцияға ілінген тауарды Ресейге тек бір рет жеткізген.

«КӨЛЕҢКЕЛІ ФЛОТ» 

Ресей кеден деректерін талдаған Yle журналистері Wärtsilä қозғалтқыштарының Еуропалық Одақ санкциясына түскен 400-ден астам кеменің кемінде 30-ына орнатылғанын анықтады. Мысалы, Қиыр Шығыста жанармай тасымалдайтын RN Sakhalin кемесіне Қытайдан дизель қозғалтқышына арналған бөлшектер жеткізілген. Түркиядан Assia танкеріне бөлшектер жіберілген, ал Арктикада мұнай тасымалдайтын Vasily Dinkov кемесіне жөндеу жиынтығы алынған.

«СОВКОМФЛОТ» ЖӘНЕ ДУБАЙДАҒЫ КЕҢСЕ

Yle сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйегінде «Нефтегаз» порталында жарияланған мақалаға сілтеме жасайды. Онда Ресейдің ең ірі мемлекеттік кеме иесі «Совкомфлот» Дубайда кеңсе ашып, Wärtsilä өнімдерін санкцияны айналып өтіп сатып алып отырғаны айтылған. Бұл компания Ресейдің «көлеңкелі флотының» елеулі бөлігін басқарады. Журналистердің дерегінше, финндік өнімдер жүк кемелерінде, буксирлерде және мұзжарғыштарда да қолданылып келеді.