Қазақстандық шекарашылар ит азығына миллиардтаған теңге жұмсаған

Сырым Қаржас
pixabay.com

ҰҚК Шекара қызметі қызметтік иттерге арналған жем-шөп сатып алуға ҚҚС-ты есептемегенде 3 миллиард теңге бөлген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Элиталық жем бе?

Әрқайсысы шамамен 1 миллиард теңгеден тұратын үш мемлекеттік сатып алуға Protenge Telegram-арнасы назар аударған. Арна мемлекеттік порталдағы скриншоттарды дәлел ретінде келтірді.

- Шынын айтсақ, мұндай шығынға не дерімізді де білмей отырмыз: мақтану керек пе, таңдану керек пе, әлде алаңдайтын уақыт келді ме? Көрсетілген сомаға қарасақ, иттерді элиталық жеммен тамақтандыруы тиіс. Қызметін ескерсек түсінуге болады. Бірақ шекарашыларда нақты қанша ит бар және құрғақ жемге 3 миллиард теңге жұмсау қаншалықты орынды?, — деп ирониямен жазады Protenge.

Сатып алу барысы ашық емес

ҰҚК Шекара қызметінің сатып алуларының нақты көлемі мен тиімділігін бағалау әзірге мүмкін емес. Себебі техникалық тапсырмалар мен жеткізу көлемі ашық қолжетімді дереккөздерде жарияланбаған.

Комитет жабық құрылым саналғандықтан, бұл ақпараттардың барлығы құпиялылық талаптарына жатады.

Қорытынды баға төмен болуы мүмкін

Protenge дерегінше, нақты шығын көлемі көрсетілген сомадан аз болуы ықтимал. Себебі байқауларға 127 әлеуетті жеткізуші қатысуға ниет білдірген.

Алайда келісімшарттардың соңғы бағасы мен нақты сатып алынған көлемді ашық деректер арқылы тексеру мүмкін емес.