Қытайда жасалған қысқа бейнелер платформасы TikTok АҚШ бизнесін жаңа бірлескен кәсіпорынға – TikTok USDS Joint Venture LLC-ке өткізгенін жариялады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі 23 қаңтар күні ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жаңа құрылымда бақылау пакеті америкалық инвесторларға тиесілі болғандықтан, сервис АҚШ аумағында жұмысын жалғастыра алады.
Пресс-релизге сәйкес, акциялардың 45 пайызы үш ірі басқарушы инвесторға тиесілі: америкалық Oracle және Silver Lake инвестициялық компаниялары, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің MGX компаниясы – әрқайсысы 15 пайыздан. Тағы 35,1 пайызын негізінен америкалық инвесторлар иеленді, олардың қатарында француз миллиардері Ксавье Ньельдің компаниясы да бар. Ал TikTok-ты жасаған қытайлық ByteDance өз үлесін 19,9 пайыз деңгейінде сақтап қалды.
ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
АҚШ президенті Дональд Трамп мәміле туралы пікір білдірді.
"Мен TikTok-ты сақтап қалуға көмектескеніме өте қуаныштымын! Енді ол әлемдегі ең ірі топқа – америкалық патриоттар мен инвесторларға тиесілі болады. Бұл жастар арасында менің 2024 жылғы президенттік сайлауда жақсы нәтижелер алуымның бір себебі болды," – деп жазды ол Truth Social желісінде.
Трамп сондай-ақ вице-президент Джей Ди Вэнс пен мәміле жасауға атсалысқан әкімшілік мүшелеріне алғыс айтты. Ол Қытай басшысы Си Цзиньпинге де ризашылығын білдірді.
"Ол басқа шешім қабылдай алар еді, бірақ бізбен ынтымақтасып, мәмілені мақұлдады. Бұл үшін оған алғыс айтамын," – деді.
АҚШ-ТАҒЫ БҰҒАТТАУ ҚАУПІ
TikTok-тың әлемдік аудиториясы 2025 жылы ай сайын 1,5 миллиард қолданушыдан асып түсті. Алайда платформа деректерді қорғаудағы әлсіздігі үшін жиі сынға ұшырады. АҚШ-та Қытай билігі қолданушылардың жеке ақпаратын жинауы мүмкін деген алаңдаушылық болды.
Осы себепті Дональд Трамп, бұған дейінгі президент Джо Байден сияқты, TikTok-тың америкалық сегментін жергілікті бизнеске сатуды талап етті. Тараптар келісімге 2025 жылдың қыркүйегінде қол жеткізді.
Еуропада да сын айтылды: Еуропалық комиссия TikTok-ты интернеттегі жарнама ережелерін бұзды деп айыптады.