Путин мен Зеленскийдің кездесуі жақын арада өтуі мүмкін – БАҚ

Сырым Қаржас
AP

Абу-Дабиде өткен АҚШ, Ресей және Украина арасындағы келіссөздер айтарлықтай ілгерілеу әкеліп, Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің жеке кездесуін жақындатуы мүмкін. Бұл туралы америкалық шенеуніктерге сілтеме жасаған Axios жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Басылым дерегінше, екі күнге созылған келіссөздер "жемісті" өткен. Кездесулер барысында америкалық делегация өкілдері, оның ішінде Джаред Кушнер мен арнайы өкіл Стив Уиткофф, ресейлік-украиналық топ жұмыс істеген бөлмелер арасында жүріп, диалогтың бір арнада сақталуына көмектескен.

Axios дереккөздерінің айтуынша, тараптар ең күрделі тақырыптардың барлығын талқылаған – Донбассқа қатысты Ресейдің аумақтық талаптарынан бастап Запорожье АЭС төңірегіндегі дауларға дейін. Сонымен қатар соғыстың шын мәнінде аяқталғанын және қайта басталмайтынын көрсетуге тиіс өзара деэскалация қадамдары да жеке қаралған.

Порталдың жазуынша, екінші күннің соңында үш делегация бірлескен түскі асқа да жиналған. 

Келесі раунд қайтадан Абу-Дабиде өтуі мүмкін. Америкалық дереккөздер Абу-Дабидегі келіссөздерді келесі кезеңге өту жолындағы маңызды қадам деп атап, тараптар Путин мен Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруға "өте жақын" екенін айтады. Олардың сөзінше, егер келесі раундта ілгерілеу жалғасса, одан кейін кездесулерді тараптардың бірінің аумағында — Мәскеу немесе Киевте өткізу мәселесі талқылануы мүмкін.