Каспий құбыр консорциумы маңызды айлақ құрылғыларының бірінің жұмысын қалпына келтірді

Сырым Қаржас
cpc.ru

Каспий құбыр консорциумы Теңіз терминалындағы негізгі нысандардың бірі – ВПУ-3 сыртқа шығарылған айлақ құрылғысын жөндеу жұмыстарының аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

КҚК дерегінше, жоспарлы жұмыстар аясында мамандар су астындағы шлангтар мен құбырларды ауыстырып, кейін гидросынақтар жүргізген. Тексеру аяқталған соң құрылғыға мұнай тиеу үшін танкер қойылған.

Консорциум өкілдері жөндеу жұмыстары күрделі ауа райы мен гидрологиялық жағдайларда жүргізілгенін атап өтті. Қатты суасты ағыстары салдарынан сүңгуірлерге жұмысты бірнеше рет тоқтатуға тура келген. Сондай-ақ ВПУ-2 уақытша пайдаланудан шығарылғаннан кейін жөндеу мерзімдері қайта қаралған. Бұл құрылғы пилотсыз катердің шабуылы салдарынан зақымданған болатын.

Қазіргі уақытта Теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары штаттық режимде ВПУ-1 және ВПУ-3 арқылы жалғасып жатыр. КТК мұндай айлақ кешендеріндегі шлангтарды қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету үшін, әдетте, кемінде жылына бір рет ауыстырып отыратынын еске салды.

Бастапқыда ВПУ-3 жөндеуін 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Бұл құрылғы Қазақстан мұнайын экспорттау үшін аса маңызды нысан саналады.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Қазақстан Теңіз кен орнынан 600-700 мың тонна мұнай жеткізудің тоқтатылуына байланысты табыстан қағылуы мүмкін екені хабарланған. Бұған 18 қаңтарда трансформаторда шыққан өрт себеп болған. Апат электрмен жабдықтауда іркіліс туғызып, өндіру жұмыстарының ақпан айына дейін тоқтауына әкелуі мүмкін.