Жаңа Салық кодексінде шағын және микробизнеске қатысты бөлімді қайта қарау қажет. Мұндай пікірді экономист Евгения Пак білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кодекске түзету енгізу қажеттілігі жалпыға бірдей және оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін компаниялар арасындағы B2B-сегменттегі өзара іс-қимылға байланысты туындап отыр, деп жазады LS. Евгения Пак жеке кәсіпкерлер (ЖК) арқылы салықтан жалтару мәселесінің бар екенін мойындады. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін төмендетіп келген.
Алайда экономистің айтуынша, жаңа Салық кодексі мәселенің түпкі себебін жоймай, керісінше компаниялар арасындағы тұтас бір өзара жұмыс форматын экономикалық тұрғыдан тиімсіз етіп отыр.
— Яғни салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін олқылықты неғұрлым нақты әрі экономикалық бейтарап тәсілмен жоюдың орнына — мысалы, әр сала бойынша қызмет түрлерінің тізімін бекітіп, ЖШС пен оңайлатылған режимдегі ЖК арасындағы өзара әрекетті еңбекақы қорынан салық төлеуден жалтару емес, негізделген аутсорсинг деп тану арқылы (сайттарды әкімшілендіру, IT-қолдау, жарнама қызметтері, дизайн студияларының қызметі, тасымал және өзге де бағыттар) — жаңа кодекс, шын мәнінде, жалпыға бірдей режим мен арнайы салық режимі арасындағы кез келген әріптестікке «салықтық айыппұл» енгізіп отыр, — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұған дейін ірі компаниялармен жұмыс істеп келген микробизнес енді бұрынғы табыстылық деңгейін сақтау үшін «көлеңкелі аймаққа» кету немесе қызмет құнын қымбаттатуға мәжбүр болу арасында таңдау жасауға тап болып отыр.
ҰСЫНЫС
Евгения Пактың пікірінше, Салық кодексін IT-қолдау, цифрлық маркетинг, дизайн, тасымал және өзге де кең тараған салалардағы аутсорсингті қолдайтындай етіп бейімдеу қажет. Ол жаңа кодекске тиісті өзгерістер биылдың өзінде енгізілуі мүмкін деп есептейді.