«Қазақтелеком» компаниясы абоненттік төлемді қайта есептеу қандай жағдайда жасалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
2026 жылдың алғашқы күндерінде «Қазақтелеком» қызметін пайдаланатын қазақстандықтар интернет жылдамдығының төмендігіне жаппай шағымданды. Компания мәселені мойындап, желілік және абоненттік жабдықтарға кешенді тексеріс жүргізгенін хабарлады. Алайда өз тарапынан ешқандай ақау анықталмағанын мәлімдеді.
«Жылдамдықтың төмендеуіне сыртқы интернет-ресурстар мен халықаралық байланыс операторларының жұмысы себеп болды. Бұл бағыттар біздің жауапкершілік аймағына кірмейді. Қажетті сұраулар тиісті мекемелерге жолданды», – деді компания өкілдері.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ДАУ
Әлеуметтік желілерде абоненттерге сапасыз қызмет үшін төлем қайта есептеле ме деген сұрақ қызу талқыланды.
«Абоненттік төлем тек «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тарапынан ақаулар анықталған жағдайда қайта есептеледі. Мұндай жағдай орын алса, мәселе шешілгеннен кейін және жаппай оқиғалар жойылған соң төлем автоматты түрде қайта қаралады. Қарастырылып отырған кезеңде қайта есептеуге негіз болған жоқ, себебі байланыс қызметтері қолданыстағы келісімшарт талаптарына сәйкес көрсетілді», – деп түсіндірді компания.
ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛДЫ
«Қазақтелеком» қазіргі уақытта жағдай тұрақтанғанын, интернет сапасына мониторинг жалғасып жатқанын жеткізді.