Алматы қаласының тергеу соты «ҚазТАГ» агенттігінің директоры Әсет Матаевты үйқамаққа алу туралы өтінішті қанағаттандырмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот тергеу органының өтінішін қарап, оны қолдамады. Матаевқа қатысты бұрын белгіленген бұлтартпау шарасы, яғни елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат өзгеріссіз қалдырылды.
Бұған дейін Әсет Матаевтың адвокаты Елена Жигаленок үйқамақ қолданылған жағдайда агенттіктің жұмысы едәуір қиындайтынын ескерткен болатын. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
23 қаңтар күні кешке «ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Амир Қасеновтің Астанада тергеу әрекеттеріне шақырылғаннан кейін ұсталғаны белгілі болды.
Журналист Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оның ұсталғанын растады және тергеу жеке компанияның арызы негізінде жүргізіліп жатқанын хабарлады. Арызда іскерлік беделге нұқсан келтіруі мүмкін жалған ақпараттың бірнеше рет таратылғаны айтылған.
Ұсталғаннан кейін бір тәуліктен соң Амир Қасенов үйқамаққа алынды.
Еске салайық, Әсет Матаев пен Амир Қасенов Freedom Finance компаниясының арызынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы — «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылып отыр.