Кәсіпкер Абдулла-Санжар Асқаров 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің кәсіпкерлерге тигізіп жатқан кері әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қабылданған өзгерістер салық жүктемесін күрт арттырып, әсіресе автонесие мен лизингке тәуелді бизнеске ауыр соққы болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Кәсіпкердің сөзінше, оның негізгі екі бағыты бар — такси қызметі және автокөлік сату бизнесі. Такси паркіндегі көліктердің басым бөлігі лизинг арқылы алынған.
— 2025 жылы автопаркімді жаңарттым, жаңа көліктер сатып алдым. Жыл соңында “Астана Моторс” дилерінен BYD көліктерін алып, қаржыландыруды “Астана Моторс Финанс” арқылы рәсімдедім. Енді лизинг компаниясынан хабарлама келіп отыр: қосылған құн салығындағы айырманы — 12 пайыздан 16 пайызға дейінгі 4 пайызды төлеуім керек екен, — дейді ол.
Асқаров бұл өсім сыйақыға емес, негізгі қарыз сомасына есептелетінін айтып отыр.
— Мен бұл пайыз тек үстеме ақыға салынады деп ойладым. Бірақ олар негізгі қарызға есептелетінін айтты. Яғни мен шамамен 300 миллион теңгеге көлік алсам, енді соның 4 пайызы — 12 миллион теңгені қайта төлеуім керек, — деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, қолданыстағы келісімшарттар бекітіліп қойғанына қарамастан, заң нормасы шарттан жоғары тұрады.
— Барлық төлем кестесі бұрыннан бекітілген. Бірақ заң шарттан жоғары екен. Енді лизинг компаниялары осы сомаларды қосып отыр. Бұл тек менің басымдағы проблема емес, бұл лизинг арқылы көлік алған барлық компания дәл осындай жағдайға тап болды деген сөз, — дейді ол.
Автосалон шығындары есепке алынбайды
Кәсіпкер жаңа кодекстің екінші үлкен мәселесі автосалон қызметіне тікелей әсер етіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, автокөлік бизнесінде көптеген қызмет сыртқы мердігерлер арқылы атқарылады.
— Біз уақытша сақтау қоймасының қызметін, эвакуатор тасымалын, брокерлік қызметті, клинингті төлейміз. Бұл қызметтердің барлығы — жеке кәсіпкерлер мен оңайлатылған режимдегі серіктестіктер, — деді ол.
Алайда жаңа Салық кодексіне сәйкес, мұндай жеткізушілерге төленген шығындар корпоративтік табыс салығы кезінде есепке алынбайды.
— Бұл шығындардың бәрі бізге есепке жүрмейді. Соның салдарынан мен табыстың түгел көлемінен 20 пайыз корпоративтік табыс салығын төлеуге мәжбүрмін. Ал автосалонда ондай маржа жоқ, — дейді Асқаров.
«Бағаны көтерсем — сауда тоқтайды»
Кәсіпкердің айтуынша, автонарықта маржа онсыз да төмен.
— Адамдар әр көліктің бағасын соңына дейін саудалайды, жеңілдік сұрайды. Ал енді үстімізге осындай салық жүктемесі қосылды. Не істейміз? Бағаны көтерсек — сату тоқтайды. Көтермесек — шығынға батамыз, — деді ол.
Шағын бизнес жабылу қаупінде
Асқаров жаңа салық саясаты шағын бизнесті тығырыққа тірейтінін айтады.
— Мен қазір өз мердігерлерімді амалсыз қорқытуға мәжбүрмін: “жалпыға бірдей режимге өтпесең, сенімен жұмыс істей алмаймын” деймін. Себебі менде маржа қалмайды, — дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда шағын кәсіпкерлер корпоративтік клиенттерінен айырылып, тек жеке тұлғалармен ғана жұмыс істеуге мәжбүр болады.
— Нәтижесінде шағын бизнес жабылады, адамдар табыссыз қалады. Бұл — әлеуметтік наразылыққа алып келеді, — деп ескертті ол.
«Дағдарысқа апаратын жол»
Кәсіпкердің пайымдауынша, жаңа Салық кодексі ірі және орта бизнесті бір-бірімен ғана жұмыс істеуге итермелейді.
— Енді мен ҚҚС пен КТС бойынша есеп алу үшін тек ірі клининг, ірі логистикалық, ірі брокерлік компанияларды іздеуге мәжбүрмін. Ал шағын кәсіпкерлермен жұмыс істей алмаймын, — дейді ол.
Асқаров бұл үрдіс ел экономикасына ауыр салдар әкелуі мүмкін екенін алға тартты.
— Сатып алу қабілеті төмендейді, көлік сату азаяды. Мен өз бизнесім арқылы осындай қауіпті сигналдарды қазірдің өзінде сезіп отырмын. Бұл — үлкен қателік. Егер өзгеріс болмаса, елді ірі дағдарыс күтіп тұр, — деп түйіндеді кәсіпкер.