Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига «Еуропалық шындық» басылымына берген сұхбатында соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздердің нәтижесінде екі бөлек келісімге қол қойылуы тиіс екенін айтты. Оның бірі – АҚШ пен Украина арасында, екіншісі – АҚШ пен Ресей арасында жасалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
УКРАИНА МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ КЕЛІСІМ ЖОҚ
Министрдің айтуынша, қазіргі кезеңде Украина мен Ресей арасында тікелей келісімге қол қою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
«Егер осы 20 тармақтан тұратын келісім жобасы туралы айтсақ, ол әзірге АҚШ пен Украина арасында жасалатын екіжақты құжат. Ал Ресеймен келісімді АҚШ жасауы тиіс. Қазір осындай құрылым талқылануда, бірақ келіссөздер әлі жалғасып жатыр, бұл – ұзақ процесс», – деді Сибига.
ЕУРОПАЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРДІҢ РӨЛІ
Сибига Еуропа елдері келісімге қол қоймайтынын, бірақ бейбітшілік процесіне және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысатынын нақтылады. Ол алғаш рет «қауіпсіздік кепілдіктері» термині қолданылып отырғанын, бұрынғыдай «сендіру» немесе «уәде» емес екенін атап өтті. Сонымен қатар, қандай нәтиже шықса да, Украина аумағында америкалық бітімгерлер болмайтынын растады.
ӘЛІ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Украина сыртқы істер министрінің айтуынша, келіссөздерде екі «сезімтал мәселе» әлі шешімін тапқан жоқ. Олар – территориялық мәселе және Запорожье атом электр станциясының мәртебесі. Бұл мәселелерді шешу үшін Украина президенті Владимир Зеленский Кремль басшысы Владимир Путинмен жеке кездесуге дайын екенін жеткізді.
АҚШ-ТЫҢ МЕРЗІМ БЕЛГІЛЕУІ
27 қаңтар күні Жоғарғы Рада депутаты, «Еуропалық ынтымақ» партиясының мүшесі Алексей Гончаренко өз дереккөздеріне сүйене отырып, Трамп әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін қол қойылады деп күтіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ-та мамыр айы келісім үшін бейресми соңғы мерзім ретінде қарастырылып отыр. Егер сол уақытқа дейін келісім жасалмаса, Америка келіссөздер процесінен шығуы мүмкін.
АБУ-ДАБИДЕГІ ҮШЖАҚТЫ КЕЛІССӨЗДЕР
Өткен демалыс күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің алғашқы үшжақты келіссөздері өтті. Украина президенті кейін бұл кездесуді оң бағалап, делегациялар 1 ақпанда қайта бас қосатынын хабарлады.