Ресей Федерациясының әскері Украинаға жаңа «Герань-5» соққы беретін ұшқышсыз аппараттарын қолдануда. Бұл дрондардан Қытай, Америка Құрама Штаттары және Германияда өндірілген бөлшектер табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Неміс микроэлектроника өндірушісі Infineon Technologies өз өнімдерінің Ресейге қалай жеткенін нақты анықтай алмай отыр.
INFINEON: ЖЫЛЫНА 30 МИЛЛИАРД ЧИП ӨНДІРЕМІЗ
Компания Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресейге барлық тікелей және жанама жеткізілімдерді тоқтатқанын мәлімдеді. Infineon Ресейдегі еншілес компаниясын жойып, әлемдегі барлық дистрибьюторларға санкцияларды бұзатын жеткізілімдерге жол бермеу жөнінде қатаң талап қойған.
Алайда фирма өнімнің қайта сатылуын толық бақылау мүмкін емес екенін атап өтті. Себебі Infineon жылына шамамен 30 миллиард чип шығарады. Компания санкциялардың орындалуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдағанын және мемлекеттік органдармен ынтымақтасатынын жеткізді.
КОМПАНИЯ ЖАУАП БЕРМЕГЕН СҰРАҚТАР
Infineon өнімдерінің Ресейге қай елдер арқылы жетуі мүмкін екені және қай мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен компанияның ынтымақтастық орнатқаны туралы сұрақтарға жауап бермеді.
УКРАИНА ҚОРҒАНЫС БАС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҚПАРАТЫ
Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы 2026 жылдың басынан бастап Ресейдің жаңа «Герань-5» дрондарын қолдана бастағанын хабарлады. War&Sanctions порталында дроннан табылған шетелдік бөлшектердің сипаттамасы жарияланды. Көпшілігі Қытай мен АҚШ-та өндірілген. Ал транзисторлардың бірі Infineon Technologies компаниясына тиесілі.
БҰРЫНҒЫ ДРОНДАР МЕН ЗЫМЫРАНДАРДАН ДА ТАБЫЛҒАН
War&Sanctions деректеріне сәйкес, Infineon бөлшектері бұған дейін Ресейдің «Герань-2», «Герань-3», Shahed-136, С-70 «Охотник», «Гербера», «Ланцет» дрондарынан және Х-69 қанатты зымырандарынан да табылған.