Жергілікті атқарушы органдар абаттандыру талаптарын бұзғандар мен қоршаған ортаны ластағандар үшін айыппұл салу құқығына ие болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
2026 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың әкімдіктеріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің абаттандыруды бұзу және қоршаған ортаны ластауға қатысты баптары бойынша хаттама толтыру құқығы беріледі.
Бұған дейін қоқыс тастау мен аумақты ластағаны үшін айыппұлды тек полиция қызметкерлері ғана салатын. Бұл — ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары.
ТҮСІНДІРУ
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс қалалардағы тазалықты бақылауды күшейтіп, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе қоқыс тастау, инфрақұрылымды бүлдіру сияқты жағдайларды тез анықтауға сеп болмақ.
СТАТИСТИКА
Өткен жылы Қазақстанда қоғамдық орындарды ластағаны үшін 189 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Ал абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 403 мыңнан астам азаматқа айыппұл салынған.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 млрд теңге болды.