Қазақстандық банктер депозит мөлшерлемесін тағы көтерді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры қаңтар айындағы толық мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӨЛШЕРЛЕМЕ

2026 жылдың қаңтарында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша банктердің сайттарында көрсетілген бөлшек депозиттер бойынша мөлшерлемелер әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Қордың мәліметінше, бұл жағдай салымшыларға жинақтарын сақтап қана қоймай, инфляция деңгейінен жоғары табыс алуға мүмкіндік береді және тәуекелдері аз.

БАНКТЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ТӨМЕНДЕДІ

Алдыңғы айлармен салыстырғанда банктердің белсенділігі азайған: 2026 жылдың қаңтарында бар болғаны 6 банк мөлшерлемені көтерсе, 2025 жылдың қарашасында – 11 банк, желтоқсанында – 12 банк көтерген. Өзгерістер депозит нарығының барлық дерлік сегментіне әсер етті, тек қалқымалы мөлшерлемесі бар депозиттер өзгеріссіз қалды.

ҰЛТТЫҚ БАНК ПОЗИЦИЯСЫ

Анализ көрсеткендей, бөлшек депозиттердің табыстылығы қазіргі уақытта ең жоғары деңгейге жеткен және алдағы уақытта осы деңгейде сақталуы ықтимал. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында базалық мөлшерлемені өзгертпеу ықтималдығы жоғары деген ұстанымымен байланысты. Келесі шешім 6 наурызда жарияланбақ.

Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры алдағы айларда бөлшек депозиттер бойынша мөлшерлемелерді жаппай қайта қарау күтілмейтінін атап өтті. Тек жекелеген банктер нарықтағы үлесін сақтап қалу немесе арттыру мақсатында, сондай-ақ шығындарын басқару үшін өзгерістер енгізуі мүмкін.

ҚАЙ СЕГМЕНТТЕ ӨСІМ КӨП

  • Толықтыруға болмайтын жинақ депозиттері – ең табысты сегмент: бір шағын банк 6 айлық мерзімге 20,5 пайыздық мөлшерлеме ұсынды; тағы бірнеше банк 19,1–20 пайызға дейін көтерді.
  • Толықтыруға болатын жинақ депозиттері – бір шағын банк 3 айлық мерзімге мөлшерлемені 2 тармаққа көтеріп, 20 пайызға жеткізді; екі орта банк 6 айлық мерзімге 17,8 және 18,7 пайызға дейін арттырды.
  • Мерзімді депозиттер – бір ірі банк мөлшерлемені бірден 3,3 тармаққа көтеріп, 3 айға 20 пайызға жеткізді; ал басқа ірі банк 19,5 пайызға дейін төмендетті.
  • Мерзімсіз депозиттер – тек бір орта банк 0,4 тармаққа көтеріп, 15,8 пайызға жеткізді.
  • Қалқымалы мөлшерлемесі бар депозиттер – өзгеріссіз қалды.

САЛЫМШЫЛАРҒА КЕҢЕС

Қор салымшыларға депозит таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге емес, банктің қаржылық тұрақтылығына да назар аударуды ескертеді. Шартқа қол қоймас бұрын депозитті толықтыру мүмкіндігі, қаражатты ішінара немесе толық алу тәртібі, мерзімін ұзарту шарттары, кепілдік көлемі және басқа да маңызды параметрлерді мұқият қарастыру қажет.

КЕПІЛДІК ӨЛШЕМДЕРІ

Депозиттер жинақты сақтаудың сенімді әрі қолжетімді құралы болып қала береді. Қордың кепілдік өтемақысы депозит түріне және валютасына байланысты:

  • ұлттық валютадағы жинақ депозиттері – 20 миллион теңгеден аспайды;
  • ұлттық валютадағы басқа депозиттер (төлем карталарындағы және ағымдағы шоттардағы қалдықтарды қоса) – 10 миллион теңгеден аспайды;
  • шетел валютасындағы депозиттер (төлем карталары мен ағымдағы шоттардағы қалдықтарды қоса) – 5 миллион теңгеден аспайды.
    Егер бір банкте бірнеше түрдегі кепілдендірілген депозит орналастырылса, қор барлық депозиттер бойынша өтемақыны қосынды түрде төлейді, бірақ жалпы сомасы 20 миллион теңгеден аспайды.